1987 жылдан күні бүгінге дейін бір ауылға басшылық етіп келе жатқан азамат бар өңірімізде. 90-шы жылы елді тығырыққа тіреген тоқырауға да төтеп беріп өзі тұрып жатқан ауылының тұтастығын сақтап қалған да осы тұлға. Ол Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Ковыльное ауылының тұрғыны Серік Малаев. Кеңес одағы тұсында аталмыш кеңшарға директор болып келген Серік Татыбайұлы 1990 жылы кеңшарлар жабылған шақта «Ақселеу» серіктестігін құрып Ковыльное ауылын толығымен соның қарамағына өткізеді. Бүгінде аталмыш ауылдың тыныс-тіршілігі көңілге қуаныш ұялатады.


Серік Татыбайұлы Малаев 1951 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Макинка ауылында дүниеге келген. Омбы ауылшаруашылығы институтын «Инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын 1973 жылы сол кездегі Айсары кеңшарында инженер-бақылаушы болып бастаған.

Кейіннен мамандығы бойынша біршама жерде қызмет істеген ол 1987 -1990 жылдар аралығында - Ковыльный кеңшарының директоры болып еңбек етеді. Тоқырау тығырыққа тіреп кеңшарлар жабылған тұста Серік Татыбайұлы ауылды ыдыратпай халықпен келісіп 1990 жылы «Ақселеу» серіктестігін құрып ауылды түгелімен серіктестік құрамына енгізіп оның тізгінін өз қолына алған. Содан бері сынаптай сырғып 35 жыл уақыт өтті. Осы уақыт аралығында «Ақселеу» серіктестігі аяғынан нық тұрды, өңіріміздегі іргелі агроқұрылымдардың біріне айналды. Бүгінде меншіктеріндегі егіс алқабының жалпы көлемі 15,5 мың гектар. Шаруашылық оның 45 пайызына дәнді, 29 пайызына майлы, 17 пайызына бұршақ дақылдарын сепсе, 9 пайызын малға қажетті жем-азық қоры құрайды.

СНХ:Серік Малаев – «Ақселеу» серіктестігінің директоры