5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Ұлы дала ойындары» ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті. Сайыс Алматы қаласының иппоромында ұйымдастырылған. Онда «Көкпар», «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Тоғызқұмалақ» және «Бәйге» сынды спорт түрлері бойынша 700-ден астам қатысушы бақ сынады.
Ауқымды сайыс 2 мыңға жуық адамның басын қосқан. Аламан бәйгеге 63, ал құнан бәйгеге 33 сәйгүлік қатысыпты. Аламан бәйгеде бірінші орынды жетісулік қатысушы иеленсе, құнан бәйгеде алматылық шабандоз баса озған. Жеңімпаздарға 1 млн 500 мың теңге көлемінде, жүлдегерлерге 600, 400, 300 және 100 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Сонымен қатар, жиында қолөнер жәрмеңкесі, қол күресі, гір көтеру, тоғызқұмалақ және асық ату бойынша турнирлер өткізілді. Көрермендер үшін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.