Петропавлдағы Бірлік шағын ауданында бүгінде құрылыс қызған. Бұл үйлер суық түскенше пайдалануға берілуі тиіс. Баспана құрылысымен қатар мұнда 90 орындық балабақша да салынып жатыр. Жоспар бойынша әлеуметтік нысан қыркүйек айының ортасында тапсырылмақ.
Жаңа үйлерді тұрғызуға 28 мердігерлік ұйым жұмылдырылған. Салынуы тиіс 700 үйдің 250-ге жуығы тапсырылды. Бірер күнде тағы ондаған отбасы жаңа баспанаға кіреді.
СЕРІКЖАН ШЫТҚАНОВ, СҚО ӘКІМДІГІНІҢ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Құрылыс қарқыны өте тез жүріп жатыр. Біздің міндетіміз – адамдарға үйлерін көрсетілген мерзімге сәйкес тапсыру. Басты мән беретін нәрсе үйлердің сапасы. Оны тексеретін бізде техникалық қадағалау мамандары да бар. Олар осында, құрылыс басында жүр. Олқылық анықталған жағдайда да мердігер оны жоюға міндеттеледі. Жалпы баспаналардың 2 кепілдік мерзімі бар.
«Бірлік» - Петропавлдағы тұруға ыңғайлы шағын аудандардың біріне айналмақ. Тұрғын үйлердің құрылысынан кейін мұнда мектеп, аурухана, сауда орталықтары, тағы да басқа жайлы тұрмысқа қажет нысандар бой көтереді. Қазір шағын ауданда 90 орындық балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Нысанды Мирас GROUP» ЖШС тұрғызып жатыр. Құрылыс алаңында 3 техника, 30-дан астам адам жұмылдырылған.
ФАРХАТ СЕЙПІЛОВ, УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ:
- Қазіргі уақытта нысанның қабырғасы қаланып жатыр, бұл жұмыс 60 пайызға орындалды. Ғимарат бір қабатты болады. Қолданып жатқан құрылыс материалдары Петропавлда жасалған.
Мамандар балабақшаны жоба бойынша 15 қыркүйекке дейін тапсыруы тиіс.
ЕРЛАН ЖҰМАХАН