Облыс орталығында қазақ күресінен «Бейбіт күннің батырлары» атты республикалық турнир өтіп жатыр. Жарыс қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алуға арналған. Спорттық сайыста 14 командадан 100-ден астам спортшы өнер көрсетеді.


Республикалық турнир 2-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Тартысты додада спортшылар 9 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Соның бірі Қанат Өмірзақов. Ол қазақ күресінен облыстық жарыстардың жүлдегері және былтырғы турнирдің «Түйе балуан» салмағында екінші орынды иеленген.


ҚАНАТ ӨМІРЗАҚОВ, СҚО ТЖД ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫСЫ:

- Өзіміздің департамент атынан күреске шығып отырмын. 100 кг салмағында күресемін. Осы жарысқа екінші рет қатысып жатырмын. Өткен жылы осы салмақта екінші орын алғанмын. Финалда есе жіберіп қойдым. Осы жылы енді күресеміз деп ойлаймын. Қазақ күресіне оқушы кезімнен, мектеп кезінен бері қатысып келе жатырмын. Ауылда күресетінбіз. Өзім Шал ақын ауданының тумасымын. Сол жақта бастағанбыз күресті.


Турнирдің ашылу салтанаты қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан жандардың құрметіне 1 минуттық үнсіздіктен басталды. Кейін жарысқа келген 100-ден астам спортшы бозкілемге шығып өз күштерін сынап жатты. Ұйымдастырушылардың сөзінше бұл турнир – «Қазақ күресін» халық арасында кеңінен насихаттау және азаматтық қорғау органдарының беделін көтеру мақсатында өткізіліп отыр.


МАРИНА САМОЙЛЕНКО, СҚО ТЖД ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Бүгінгі турнирге еліміздің 14 облысынан және қалаларынан спортшылар келді. Соның ішінде төтенше жағдайлар департаментінің командалары, сондай-ақ турнирде бағын сынауға ниет білдірген барлық азаматтар қатысып жатыр. Жарыс 55 кг салмақ дәрежесінен басталып, Түйе балуан категориясына дейінгі салмақ бойыншы өткелі отыр.


2 күнге шақталған турнирдің марапаттау рәсімі ертең сағат 12:00 -де өтеді. Жарыс жеңімаздары арнайы сыйлықтармен, медальдармен марапатталады.