Петропавлда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы көлік апаттарының алдын-алуға бағытталған акция өтті. Іс-шараны - «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ ұйымдастырып, оған «КАЖсервис» ЖШС, облыстық Полиция департаментінің өкілдері қатысты. Айта кетейік, биыл өңірде 176 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Іс-шара Пестрое көлінің маңындағы көлік тұрағынан басталды. Ұйымдастырушылар мен полиция қызметкерлері қала тұрғындарына Жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, ақпараттар таратты. Бұл іс-шарадан "КАЖСЕРВИС" ЖШС СҚО филиалы да қалыс қалмады.
НИЯЗ САДЫҚОВ, «ҚАЖСЕРВИС» ЖШС СҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Жыл сайын өткіземіз. Осы жылы екі рет өткіземіз деген жоспар қойдық. Өйткені, қазір жүргізушілер көп, жолда транспорт көп. Сондықтан осындай ауцияларды көбірек өткізу үшін мақсат қойып отырмыз.
Көлік қозғалысының қауіпсіздігі үшін жолдардың сапалы болуы маңызды. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» АҚ СҚО бойынша филиалының директоры Талғат Смағұлов, жүргізушілердің қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
- Бүгінгі іс-шараға сәйкес біздің облыстық филиал техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Жол белгілерін орнатып, тас жолдарға жолақтар орналастырып, шұңқырларды бітейді. Бұл жұмыс бірінші кезекте республикалық жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзуы салдарынан республикалық тас жолдарда жол-көлік оқиғалары көбейіп кеткен. СҚО Полиция Департаментінің мәліметі бойынша биыл облыста жол көлік оқиғасы салдарынан 16 адам мерт болып, 244 адам жараланған.
ЕРБАҚЫТ ЕРЖАНОВ, СҚО ПД ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
- Бүгін «Қазавтожол» ұлттық компаниясымен бірлесе отырып «Өмірді сақтау» жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы іс-шара өткізіліп жатыр. Осы іс-шараның мақсаты жол қозғалыс ережелерін мүлтіксіз сақтау туралы түсіндіріп, болатын оқиғалардың салдарын көрсету. Құрметті жол қозғалысына қатысушы, жолда мұқият болыңыз және жолдағы барлық қағидаларды қатаң сақтаңыз.
Елімізде жол апаты салдарынан жылына шамамен 2000-ға жуық адам қаза табады. Ал, былтырғы дерек бойынша облыста 383 көлік апаты тіркеліп, 579 адам зардап шеккен.
ЕРЛАН ЖҰМАХАН