Облыста жер қойнауын пайдалану туралы заңды бұзған 4 адамға қатысты қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жолданды. Ауқымды жұмыстың нәтижесінде олардың жалпы сомасы 3,7 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Тергеу барысында ауыл шаруашылық жерлерінде заңсыз кен өндіру фактісі де анықталды. Қазір тиісті шаралар қабылданып, жерді қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласын талдау кезінде мұнда да заңбұзушылықтар анықталған. Өңірде еш жерде тіркелмейтін заңсыз астық импорты бар. Облыстың орташа жылдық бидай экспорты көлемі 1,5 млн тонна екені анықталып отыр.
БАҚЫТЖАН АБУЛХАИРОВ, СҚО БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Бір топ адам ресейлік астыққа жалған шот-фактуралар жазып, оған отандық мәртебесін беріп келген. Қылмыстық іс әшкере болды. 1 іс бойынша үкім шығарылды, 2 қылмыстық іс сотқа жолданды. Импортталған 30 мың тоннадан астам ресейлік астыққа жалған шот-фактуралар жазылған. Нәтижесінде 1 млрд теңгеден астам сомаға транзакциялардың күшін жою шаралары қабылданды.
Инфрақұрылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатты бей-берекет пайдалану фактілерін анықтау мақсатында Ұлттық жобаларды іске асыруға талдау жүргізілді. Оған облыс бойынша 27 млрд теңге қаражат бөлінген.
БАҚЫТЖАН АБУЛХАИРОВ, СҚО БОЙЫНША ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
- Қаржы пирамидалармен күрес жұмысы аясында 110 жәбірленуші және 100 млн теңгеден асатын шығын сомасымен Qnet құрылымдық бөлімшесіне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Жалпы, қылмыстық істер бойынша залалды өтеу 4 млрд теңгеден астам соманы құрады.
Бұдан бөлек цифрлық активтерді заңсыз криптовалюта айырбастау пункті арқылы айырбастаған бір топ адамға қатысты сот үкімі шықты. Алайда, ол әлі заңды күшіне енген жоқ. Қылмыстық кіріс 680 млн теңгені құраған. Сотталғандардан мемлекет кірісіне 392 млн теңгенің мүлкі тәркіленді.