ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Николай Арсютин жұмыс сапарымен Петропавлға келді. «Ауыл» партиясының өкілдерімен шаруашылық нысандарын аралап, азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Сондай-ақ жергілікті «Avagro» ЖШС-нің жұмысымен де танысты. 

Бүгінде бұл кәсіпорында егістік алқаптарында жұмыс істеуге арналған түрлі қондырғылар шығарылады. Серіктестік өңірде ғана емес, бүкіл Қазақстанға кең танылған. Мұндағы техника тіпті көршілес Ресей еліне де тасымалданатын көрінеді. Қазір серіктестікте 150-ден астам маман еңбек етеді. Дегенмен кәсіпорында қызметкер саны әлі жеткіліксіз. Кадр тапшылығы мәселесі бар. Соған қарамастан өндіріс орнында жылда 700-ден астам жаңа техника құрастырылып шығарылады.

ЕЛЕНА ГУБЧЕНКО, «AVAGRO» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Біздің кәсіпорынның 29 жылдан астам тарихы бар. Ауыл шаруашылығына қажетті техниканы, соның ішінде бүріккіш, су сақтайтын ыдыстарды да жасап шығарамыз. Негізгі бағытымыз машина құрастырыру. Өндіріс ошағы кең. Сұраныс та жоғары. Еліміздегі егін-жайлардағы қондырғылардың 90 пайызы біздің өнім.

Мәжіліс депутаты кәсіпорындағы әр бөлімнің жұмысымен танысып шықты. Ауыл аймаққа сапары барысында Николай Арсютин Қостанай және Астана қалаларында болған. Алда тағы Ақмола облысындағы өндіріс орындарымен таныспақ ниетте.

НИКОЛАЙ АРСЮТИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
- Негізі өндіріс орындарын қыс және жаз мезгілдерінде осылай тұрақты түрде аралап тұрамыз. Кәсіпорындардағы мәселелермен танысып, оларды шешу жолдарын қарастырамыз. Бүгін жергілікті кәсіпкерлерді де қабылдадық. Өңірдің жылдам дамып келе жатқаны қатты қуантады. Осыған дейін 2 тауарлы сүт фермасында да болдық. Отандық өнімге деген сұраныс жоғары. Мұндағы сапа да көңілден шығады.

Қазір кәсіпорында шығарылған техниканы сақтайтын орынның ауданы 5 мың шаршы метрді алып жатыр. Тағы бір жаңа қойма салынды. Жақында қолданысқа беріледі.