Петропавлда «Жолда қабылдау» республикалық акциясына тұрғындар арнайы келіп, сұрақтарын қойды. Іс-шара полиция өкілдерінің, жолшылар және жол сапасын қадағалайтын мамандардың қатысуымен өтті. Дәстүрлі акцияның мақсаты - жол-көлік оқиғаларының алдын алу.


Акцияға қатысып, арнайы сұрақ қоюға келгендердің бірі- Жанат Мұхаметжанов. Азамат өңірдегі жолдың жөндеу жұмыстарына қатысты 3 сауал қойды. Соның бірі- жолақтарға байланысты.


ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Әрине, жолды жөндеуге миллиардтаған қаржы керек. Бірақ, жолдың ортасындағы, шетіндегі жолақтарды сызуға болады деп ойлаймын. Жаздыгүні жолдың ортасымен келе жатсын ба, шетімен келе жатсын ба дұрыс көрінбейді. Жүргізушіліктерге қиындық туғызады. Сондықтан, сол жолақтарды сызып берсе екен деген өтінішпен келіп отырмын.


Жанат Мұхамеджановтың сұрағына - «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ басшысының орынбасары Қанат Өсербаев жауап берді. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты бұл жұмыстар енді жүргізіліп жатқандығын айтты. Жалпы, жолақ бір жылдың ішінде республикалық маңызы бар жолдарға 4 рет, ал қалаішілік жолдарға 2 рет сызылуы керек.


ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ СҚОФ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазіргі таңда 193 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргІзіліп жатыр. Ол жұмыс биыл бітетін болады. Тағы алдағы уақытта қосымша 385 шақырымды орташа жөндеуден өткізетін боламыз.Қазір сараптама жүргізіп жатырмыз. Кейін байқау жарияланады. Шамамен, қыркүйек айында деп отырмыз . Жөндеу жұмыстары 2 жылға созылады.


Ал, өткен жарты жылдықтан бері автомобиль көлігі саласында 365 құқықбұзушылық анықталып, шамамен 42 млн теңге айыппұл салынған. Айта кетейік,облыстық көліктік бақылау инпекциясы автокөліктердің жүруін бақылауды жүзеге асыратын 3 жылжымалы көліктік бақылау бекетімен қамтамасыз етілген.


НҰРФАЗЫЛ КЕНЖЕТАЕВ, СҚО КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл ретте облыстық инспекция СҚО аумағында ауыр салмақты автокөлік құралдарының Қағида талаптарын сақтау бойынша бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен «Жол картасын» әзірледі. Аталған ұйымдармен бірлесіп, оны жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.


Акция аясында тұрғындардың жолдың сапасына қатысты сұрақтарына «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК облыстық филиалының басшысы міндетін атқарушы Арман Тұрасимов жауап берді.


АРМАН ТҰРАСИМОВ, «ҰЛТТЫҚ ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫ ОРТАЛЫҒЫ» РМК СҚОФ ДИРЕКТОРЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

- Біздің орталықтың негізгі жұмысы- жолдардың сапасын бақылау, тексеріс жүргізу. Жалпы, 2024 жылы біз республикалық маңызы бар 1552,4 шақырым жолға диагностика жүргізуді жоспарлап отырмыз. Оның 235,65 км-сы кепілді мерзімі бар учаске болса, ал қалған 1316,74 күтіп ұстайтын жол учаскесі.


Жыл басынан бері өңірде 154 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан, 210-нан астам адам жарақат алып, 16-сы қаза тапты.