1944 жылдың қараша айында Грузияның оңтүстігінен месхет түріктерін жаппай депортациялау басталған болатын. Бірнеше күн ішінде 220 ауылдан 125 мың адам - 115 мың түрік, 7 мың күрд және 3 мың хамшен армяндары жер аударылды. Олардың көбісі әлі күнге дейін өз атамекенінен жырақта жүр. Солардың бірі, репрессияның куәсі болған Ахмат Бедишев. 95 жастағы қарияны 15 жасар жасөспірім шағында анасы, ағайындарымен қоса мал таситын вагонга тиеп, күштеп көшірген екен.


1942 жылы Ахмат Бедишевтың әкесін майданға әкеткен және ол сол күйі оралмаған. Ал 1944 жылдың 14 қарашасында жасөспірім анасы, бауырларымен қоса күштеп жер аударылып, қуғын-сүргінге ұшырады. Ауылдағы бүкіл қарт, бала-шаға, әйелдерді бір түнде аш-жалаңаш күйде вагондарға күшпен тиеп, Орталық Азияның түкпір-түкіпіріне жөнелтті. Бір кезде 50-60 түтіні бар шағын ауылда бір сәтте ешкім қалмады.


АХМАТ БЕДИШЕВ, Петропавл тұрғыны:

 - Солдат толы көліктер ауыл-ауылды аралап, аймақта әскери оқу-жаттығу өтетінін, екі сағат ішінде жиналып, көшуге әзір тұру керегін айтты. Олар түнгі сағат бірлер шамасындабәрімізді үйімізден күштеп шығарды. Содан айғай-шу басталды. Олар бір қап ұннан басқа азық алып кетуге рұқсат етпеді. Сол кезде анам үйге барып, біздің киім-кешектерімізді әкетпек болып еді, әскерилер оған жол бермеді. Бәріміз аш-жалаңаш күйде вокзал жаққа беттедік.


Жүк таситын пойызға тиелген жұрт бір ай жүріп Өзбекстан станцияларының біріне түсіріледі. Әлсіреп, көз жұмғандарын пойыз тоқтаған аялдамаларға тастап кете берген. Сол кезде біз отырған вагонды суға батырып, көзімізді құртпақ болды, дейді, Ахмат Бедишев. Алайда, Өзбекстан президентінің жарлығымен тұтқындардың басым көпшілігі аман қалып, ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартылды. Ахмат Бедишев те мақта совхозында аянбай тер төкті, 21 жыл бойы бригадир болып қызмет атқарды.


АХМАТ БЕДИШЕВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Әр сағат сайын сарбаздар келіп, кімнің көз жұмып, кімнің тірі қалғанын көріп кететін. Ол кезде жанымызда 80 жастағы әжеміз де бар еді. Оның қалай жан тапсырғаны, оны еш аяусыз тастап кеткені әлі көз алдымда. Сонда олар бізге тамақ ретінде быламық беретін, оны ішетін тіпті ыдыс та жоқ. Аш қалған кездер де болды. Ешқандай жағдай жасалмаған.


Күштеп көшірілгендердің жартысынан астамы Өзбекстанға, 29 мыңдай азамат Қазақстанға, 11 мыңдай адам Қырғызстанға түсірілген. Алайда, 1989 жылы Өзбекстанның Ферғана облысында ұлтаралық жанжал болып, 100-ден аса адам қаза тапқан. Балаларға дейін қатігездікпен өлтіріп, тіпті кейбірін өртеп жіберген. Сол кезде бәріміз жан-жаққа бас сауғалап, Америка, Ресей, Қазақстанға бет алдық дейді Ахмат Бедишев.


АХМАТ БЕДИШЕВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Бұл оқиға басталғалы, талай адам қаза болды. Қашып құтылғандары жан-жаққа үдере көшті. Біз де Қазақстанға жол тарттық. Чудан осы жаққа қоныс аудардық. Чуда 30 жыл уақыт бойы тұрып келген едік. Қазақ бауырларымыз бізді құшақ жая қарсы алды, жақсы ықылас танытты.


95 жастағы қарияның ендігі үлкен арманы туып-өскен жерін , атажұртын өз көзімен бір көру. Сол бір қасіретті кезеңнің куәсі болған, жақындарымен бірге тиелген вагондар сондла әлі сақтаулы тұр дейді, қарт.