Өзбекстан мемлекетінде өткен «Жұлдыз арт Қазақстан» халықаралық дәстүрлі байқауда өңір бишілері топ жарды. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттері қатысқан конкурсқа Жамбыл ауданынан «ДЭНС МИКС» би тобы да барған. Жеңіске жеткен ұжымды Петропавл теміржол вокзалында қарсы алды.


Халықаралық байқау Ташкент төрінде 1-5 маусым аралығында өтті. Көп жанрлы байқауда қатысушылар 60-қа жуық би билеген. Ал, Дэнс Микс би тобы тартысты бәсекеге бидің 2 түрінен барған. 3 жастан бастап бимен айналысатын Аружан Ержан да көрші мемлекетте өткен байқауда жеңіске жетті.


АРУЖАН ЕРЖАН, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:

- Біз осы байқауда Қытай биін және Ноченька деп аталатын биден өнер көрсеттік.Бұл билер маған қатты ұнады.Өзбекстанға барып келген сапарым да көңілімнен шықты.Мен кішкентай кезімнен бері биге қатысамын. Осындай жетістіктерге жеткеніме қуаныштымын.


2023 жылдың желтоқсан айында сайыстың облыстық кезеңі өтіп,сертификатқа ие болған Дэнс Микс би тобы осылайша әлемдік деңгейде өнер көрсетті. Ұлттық және заманауи билерден өнер көрсеткен бишілер 2 номинация бойынша да Гран при иеленген.


ДИАНА ҚОШАНОВА, «DANCE MIX» БИ ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Біз балалармен халықаралық байқауға қатысып, үш елдің біріне сертификат жеңіп алдық. Өзбекстан елін таңдап, дайындалдық. «Ноченька» және «Қытай» биін билеп, балалар жеңіске жетті.


Құрылғанына 7 жыл болған би тобы мұндай әлемдік деңгейдегі канкурсқа алғашқы рет шығып отыр. Жыл сайын ұйымдастырылатын Жұлдыз арт Қазақстан жобасы - еліміздегі өнерлі жастар санының артуына септігін тигізіп жатыр.


Ерлан Жұмахан