Мемлекеттік рәміздер күнінде солтүстікқазақстандық бес полицей кезекті шендерін алды. 


Мемлекеттік рәміздер күнінде солтүстікқазақстандық полицейлер мерекелік сап түзеді. Мерекені жеке құрам алдында Қазақстанның Туы мен Елтаңбасын ұстап салтанатты маршпен өткен топ ашты. Оркестрдің сүйемелдеуімен тәртіп сақшылары мемлекеттік гимнді орындады. Облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев ведомствоның жеке құрамы мен ардагерлерін мерекемен құттықтады.


Асқар Мұхаметқалиев, СҚО ПД бастығының міндетін атқарушы:

- Сіздердің адал еңбектеріңіз – халқымыздың бостандығының, ел егемендігінің, бейбітшілік пен барша қазақстандықтардың сенімінің берік кепілі. Тәуелсіз еліміздің лайықты болашағы біздің бірлескен күш-жігерімізді, жасампаз және нәтижелі жұмысымызды қажет етеді. Қазақстандық патриотизм ел ұлылығының сенімді кепілі.


Полицияның бес қызметкері ерекше мақтанышпен кезекті офицерлік шендерін алды. Олардың үшеуіне майор, біреуіне полковник шені берілді. Ал Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Жалғасбек Мұқашев полиция подполковнигі шенін алды.


Жалғасбек Мұқашев, М.Жұмабаев ауданы ПБ бастығының орынбасары:

- Мен жедел қызмет саласына жетекшілік етемін. Ішкі істер органдарында 2007 жылдан бастап қызмет атқарып келемін. Мемлекеттік мерекеге орай полиция подполковнигі шенін алып отырмын. Осындай айтулы күні кезекті офицерлік шенімді алу мен үшін үлкен мәртебе және заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау жолында одан әрі мінсіз қызмет етуге ынталандырады.


Салтанатты іс-шара аяқталған соң полиция қызметкерлері қызмет атқару орындарына тарады.