Есіл ауданына қарасты Еңбек ауылы — туған жерге жанашырлықтың жарқын үлгісі. Мұнда ауыл тұрғындары өз еріктерімен ішімдіктен бас тартып, «Саламатты ауыл» акциясын белсенді түрде қолдауда. Сонымен қатар, өз күштерімен маңызды әлеуметтік мәселелерді де шешіп жатыр.
Есіл ауданына қарасты Еңбек ауылының тұрғындары ішімдіктен толықтай бас тартқан. Олар: «Таза сана — жарқын болашақтың кепілі» деген ұстанымды алға тартады. Енді бұл игі бастаманы басқа ауылдарға да үлгі етіп, «ішімдіксіз ауыл» эстафетасын жолдауда.
Ауылға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы ат басын бұрды. Өңір басшысы мұндай нақты патриоттық істер өзгелерге үлгі болуы керек деді.
СНХ: Ғауез Нұрмұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
«Ішімдіксіз ауыл» эстафетасы «Заң және тәртіп» акциясы аясында іске асырылып жатыр. Бұл бастама ауыл тұрғындарына қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруды көздейді. Прокуратура мұндай игі істерді қолдауға дайын.
СНХ: Кенжебек Қожахметов, Есіл ауданының прокуроры
Еңбек ауылы тек салауатты өмір салтын қолдаумен ғана шектеліп отырған жоқ. «Бай Еңбек» серіктестігінің басшысы Қайырбек Қожасовтың жеке бастамасымен ауылда жаңа бастауыш мектептің құрылысы басталды. 50 орынға шақталған оқу орнының құрылысына кәсіпкер 350 миллион теңге қаржысын құйып отыр. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр — бұл білім ордасын балалар да, ата-аналар да асыға күтуде.
СНХ: Қайырбек Қожасов, «Бай Еңбек» ЖШС директоры
Аймақ басшысы кәсіпкердің игі бастамасын қолдады. Жаңа нысан бірнеше маңызды мәселені шешеді — балаларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастырып, ауылдың болашағын сақтап қалуға сеп болады деді. Әрі шаруаларды Еңбек ауылынан үлгі алып, әлеуметтік қолдауға үлес қосуға шақырды.
СНХ: Гауез Нұрмұхамбетов, СҚО әкімі
Салауатты өмір салты, білімге қолдау және әлеуметтік жауапкершілік ауыл келбетін түбегейлі өзгертуге септігін тигізеді. Қазір Еңбек ауылында 40-тан астам үй түтін түтетіп отыр.