31 мамыр- Саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген. Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 27 мыңы ату жазасына кесілді. Петропавлдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде саяси құрбандар туралы деректер, құжаттар және құнды жәдігерлер сақталған.


Өңірде 7 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды. 1500-ден астам адамның жазықсыз атылғаны белгілі. Қазіргі уақытта Петропавлда осы нәубет жылдардың құрбандарына арналған мемориал бар. Оған 8 мыңға жуық адамның есімі ойып жазылған.


САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Жерлестеріміз осынау қиын кезеңге арнап бағасы жоғары туындыларды дүниеге келтірді. Мысалы, «Ерте солған гүлдер» атты әннің мәтінін жерлесіміз Жарасбай Нұрқанов жазды. 1991 жылы «Ақмола» лагерьінде отырған әйелдер жайлы «Жан Себіл» атты кино шығарылды. Сол киноның тікелей авторы - солтүстікқазақстандық азамат Аяған Шәжімбаев.


Музейдегі ерекше жәдігерлердің бірі - Ақмола лагерінде дүниеге келген Галина Пиленко табыстаған тақия. Бұл тақияны сол лагерьде тұтқында болған әйел тоқыған екен.


САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Бір құнды жәдігеріміз - Галино Ивановнаның тақиясы. Ол тақияға ерінен айырылған, жалғызбасты асыл аналарымыздың көз жастары сіңді десек қателеспейміз. Жалпы, қазір көптеген адам қуғын-сүргін құрбандары туралы зерттеп, мақала жазып жатыр. Сондай-ақ, университет түлектері дипломдық жұмыстарына осы тақырыпты арқау етіп жатыр.


Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Самрат Құсқеновтың айтуынша, қуғын-сүргін құрбандары туралы құжаттардың 90 пайызы жойылып кеткен. Олар туралы деректер әлі де зерттеліп жатыр. Сондықтан, музей қоры жыл сайын жаңа деректермен толығып отырмақ.