Биыл облыста наурыз айының 25-і мен сәуірдің 25-і аралығында 30-дан астам жас «ZHAS PROJECT» жобасына қатысуға өтініш білдірген. Іріктеу жұмысы 22 мамырға дейін жалғасып, байқау қорытындысы бойынша 8 адам 1 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды. Айта кетейік, аталмыш жобаға «NEET» санатындағы, яғни 18-35 жас аралығындағы уақытша жұмыссыз жастар қатыса алады.


«ZHAS PROJECT» жобасы арқылы 1 млн теңге жеңіп алғандардың бірі – Дмитрий Морозов. Оның негізгі мамандығы- мұғалім. Бірнеше жыл білім саласында жұмыс істеп, жан қалауы емес екендігін түсінген. Енді, Дмитрий Морозов ара шаруашылығына қызығушылық танытып отыр.


ДМИТРИЙ МОРОЗОВ, ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ:

- Көптеген омарташы араның ұясын өздері жасайды екен. Бұл, негізі көп уақытты алады. Сондықтан, омарта жасайтын цех ашамын деп шештім. Жеңіп алған 1 миллион теңгеме құрал-жабдық сатып аламын.


Аталмыш жобаға биыл өңірден 33 жас қатысқан. Оның 8-інің жобасы үздік деп танылып, 1 миллион теңге табысталды.


ДАМИР ӘБДИН, «ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫНЫҢ СҚО БОЙЫНША ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

- «ZHAS PROJECT» жобасы жыл сайын ұйымдастырылады. Былтыр 6 адам жобада жеңімпаз атанып, грант ұтып алып еді. Бұрын қатысқандар екінші рет байқауға қатыса алмайды. Негізінен бұл жобаның мақтасы- жұмыссыз отырған жастарды кәсіпкерлікке баулу.


Айта кетейік, облыста «NEET» санатында тұрған 10 мыңнан астам жас бар.