Облыста су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға төленетін біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері белгілі болды. Бұл мақсатқа бюджеттен 85 млн теңге бөлінген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.


Қиын жағдайға тап болғандарға төленетін біржолғы көмек мөлшері Ақжар, Аққайың, Мамлют, Айыртау, Есіл, Жамбыл, М. Жұмабаев, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов, Тайынша, Шал ақын, Тимирязев аудандарында 100, ал Уәлиханов ауданы мен Петропавл қаласында 200 АЕК-ті құрайды. Әлеуметтік көмек 8 жұмыс күні ішінде қарастырылады.


РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Облыстың барлық аудандары және Петропавл қаласында қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік көмек көрсету қағидалары қолданылады. Бұл барлық зардап шеккен адамдарға төлем жасауға мүмкіндік береді. Азаматтар бұл қаражатты азық-түлік сатып алуға, тұрғын үй жалдауға, қажетті тауарларға алуға алады.


Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қорытынды шығарады. Әлеуметтік көмектің мөлшері арнайы комиссияға ұсынылған құжаттар негізінде белгілі болады.


НАТАЛЬЯ ДЫШКАНТ, СҚО ҚАРЖЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Тасқын салдарынан зардап шеккен тұрғындарға медициналық көмек тегін көрсетіледі. Қазірдің өзінде біржолғы әлеуметтік көмекті алу үшін құжаттар дайындап, тиісті органдарға жүгіне аласыз. Тұрғын үй және жалпы мүлікке келтірілген залалға қатысты өтінішпен алдағы 30 күннің ішінде жергілікті әкімдікке жүгінуге болады. Бастысы меншік құқығын растайтын құжаттар өзіңізбен бірге болуы керек.


Әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар ауылдық округ әкіміне немесе жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне тікелей жүгіне алады. Немесе «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш берсе болады. Тек өзіңізбен бірге жеке куәлік, мүлікке келтірілген залал фактісін растайтын құжат болуы тиіс.