Петропавлда бір тәулікте «IKOMEK» ахуалдық орталығына 119 хабарлама келіп түскен. Оның 12-сінде тұрғындар үйлеріне су кіргенін айтып көмек сұраған. Облыс орталығында қарғын сумен күреске 105 адам мен 60 техника 40 мотопомпа тартылды. Татьяна Чыбикина Жұмысшы кентінде тұрады. Кеше үйінің ішіне су толып кеткен. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұр дейді зейнеткер. Үйіндегі жиһаз, тұрмыстық техниканың барлығы іске жарамсыз болып қалды.


ТАТЬЯНА ЧЫБИКИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Кеше арнайы қызмет мамандары көмекке келді. Түнге таман еден таза болды. Отбасымызбен осында түнеп шықтық. Таңда су қайта көтеріле бастады.


 Мамандардың айтуынша, бір тәулікте Петропавлдағы су басқан үйлерден 1 мың 228 текше метр су арнайы техникамен сорылды. Ал қыс басталғалы облыстың елді мекендерінен 1 млн 885 мың текше метр қар шығарылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп.