Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов ауданында болып, су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысын тексерді. Онымен қоса, өңір басшысы су басу қаупі жоғары деген үш ауданның басшыларымен жиын өткізді.


Биыл Ғабит Мүсірепов ауданында су басу қаупі бар 12 елдімекен бақылауға алынды. Облыс әкімі барған алғашқы нысан – Рузаевка ауылында орналасқан көпір. Ондағы Жембарақ пен Шарық өзендерін өңір басшысы дронның көмегімен бақылады, сондай-ақ су тасқынына дайындық бойынша есепті тыңдады.


ЕРЛАН АМАНЖОЛОВ, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Біз су тасқынының алдын алу мақсатында қазу жұмыстарын жүргізіп, дайындадық. Сондай-ақ бүкіл халықты жағдайдан хабардар еттік. Өйткені, бізде 2017 жылы су тасқыны болып, Целинная көшесін су басқан болатын. Соның салдарынан, 34 үй су астында қалды. Сондықтан биыл оны ерекше бақылауға алдық.


Су басу қаупі бар аймақта шамамен 144 тұрғын үй бар. Онда 442 адам тұрады. Су тасқыны болған жағдайда мұзды жару жұмыстары қолға алынып, оған арнайы мамандар жұмылдырылады.


 ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Мұз көтерілмей тұрып жарылған. Жарылу үшін жарықшақ пайда болды. Содан мұз көтерілгенде оны көтере алды, ағыс болды.


Сондай-ақ, аймақ басшысы Тоқсан би кентіндегі республикалық маңызы бар А-16 тас жолындағы су өткізгіш құбырларды тазалау барысын да көрді. Қазіргі таңда жол бойындағы құбырлардың 25 пайызы тазартылған.


АҚЫЛБЕК ҚАБЫЛДИН, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚ СҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

– Жалпы, мердігер ұйымдардың барлығы жергілікті. Біз су өткізгіш бар жолдардың бұзылмауы үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. 15 наурызға дейін облыстық және аудандық жолдардың су өткізгіштеріндегі қарды 100 пайыз тазалайтын боламыз.


«Полиграм» ЖШС Есіл өзені арқылы Бірлік ауылына ұзындығы 232 метр көпір салуды жоспарлап отыр. Нысан биылғы жылдың соңында пайдалануға беріледі.


«Қазір жобалау жұмыстары аяқталды. Су инспекциясын да бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Осыдан кейін біз іске кірісеміз. жолдың ұзындығы 6,5 метр болады».


Сонымен қатар, Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқыны кезеңінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған мамандандырылған техниканы тексерді. Тұрғындарды тасымалдауға 10 көлік жұмылдырылмақ. Рузаевка және Тахтаброд ауылдарында 20-ға жуық төтенше жағдай қызметкерлері су тасқынына дайын.


 «Бізде тұрғындарды тасымалдауға 5 газель автокөлігі мен 2 автобус жұмылдырылған.»


Жұмыс сапары аясында өңір басшысы Айыртау, Шал ақын, Тимирязев аудандары әкімдерінің қатысуымен су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық барысы туралы әңгіме жүргізді.


 ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Қалай десек те, бізде су басу қаупі бар аймақтар жетерлік... Мен облыс әкімі ретінде бұл жұмыстарды өзімнің жеке жауапкершілігіме аламын».


Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ерік Сарыбаев сөз сөйледі. Елді мекендердегі су өткізгіш құбырлар мен суаағарларды тазалау жұмыстары мардымсыз жүргізіліп жатқанын айтты. Жұмысты жандандыру қажет.


 ЕРІК САРЫБАЕВ, Облыстық ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

«Тендер байқауының кеш жүргізілуіне байланысты Айыртау және Тимирязев аудандарында келісім-шарттар жасалмаған, Бірақ Ғ.Мүсірепов пен Шал ақын аудандарында су тасқынына дайындық жұмыстары көңіл көңшітерлік.


Ғабита Мүсірепов ауданы әкімінің айтуынша аумақта 8 жергілікті дыбыстық ескерту жүйесі жұмыс істейді. 2023 жылы 6 млн теңгеден астам сомаға 1 ескерту жүйесі сатып алынып, орнатылды. Алдағы уақытта ондай құрылғыларды Рузаевка және Чистополье ауылдарында орнату жоспарланған.


РУСЛАН АҢБАЕВ, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Наурыз айының екінші онкүндігінде С-100 бульдозерінің ауыр техникасы арқылы ұзындығы 20 шақырым болатын Станционный ауылының айналма бөгетін қардан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Рузаевка ауылында судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Шарық және Жембарақ өзендерінің көпір өткелдерінің маңында ұзындығы 700 метр аумақтағы бұталар кесіліп, тазартылуда. Старобелка және Чистополье ауылдарында жалға алынған экскаватор арқылы су өтетін канал тазартылып жатыр».


 Айыртау ауданындағы Константиновка ауылында диаметрі 720 метр болатын су өткізгіш құбыр орнатылды. Сондай-ақ, ұзындығы 50 метрлік дренаждық арна салынды.


ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, АЙЫРТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Осы жылы аймақтағы су басуды болдырмас үшін аудандық бюджеттен 36,2 млн теңге бөлінді.


Тимирязев ауданында су басу қаупі бар аймақтар бақылауға алынды - бұл Тимирязево, Мичурино, Ақсуат, Степное ауылдары және Дзержинское елді мекені .


ЕРЛАН ЖАРОВ, ТИМИРЯЗЕВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Су тасқыны кезеңіне біз дайынбыз. Ауданымызда су тасқының алдын алу үшін 61 бірлік техника жұмылдырылды.


 Шал ақын ауданы әкімінің айтуынша, су басу қаупінің алдын алу мақсатында биыл 24 қаңтардан бастап ауданда су тасқынына дайындық жұмыстары күшейтілген. Сондай ақ жедел әрекет ету тобы да құрылған.


РАХАТ СМАҒҰЛОВ, ШАЛ АҚЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 «Қауіпті аймақта қазір 81 үй мен 109 тұрғын бар. Егерде елді мекендерді су басатын болса алдын ала дайындалған эвакуациялық жоспар бар. Сонымен қатар 150 орынға шақталған 5 эвакуациялық пункт жұмыс істейтін болады».


2016-2017 жылдардағы келеңсіз сценарий қайталанса, 31 елді мекен мен 243 үй су басу аймағында қалуы мүмкін. Бекітілген эвакуация учаскелері туралы тұрғындарды алдын ала хабардар ету қажет, деді облыс әкімі.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Құрметті әріптестер қазіргі таңда сіздер ұйымдармен барлық құжаттарды толтырып алдын ала келіскен жөн. Себебі ертең көктемгі су тасқындары кезінде кеш болады.»


Сонымен қатар, Ғауез Нұрмұхамбетов тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда екенін баса айтты.


Ұлан Ыдырыс