Биыл жазушы, драматург, қоғам қайраткері Сәкен Жүнісовтың туғанына торқалы тоқсан жыл. Сан қырлы талант иесі өмірінің соңына дейін әдебиеттен қол үзген жоқ. Әбу-Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия интернатында жерлесіміздің мерейтойына орай әдеби кеш өтті. Іс-шара барысында дарынды жазушының ғибратты ғұмыры мен шығармашылығы сөз болды.


Сәкен Жүнісов жазушылығымен қатар, домбыраның құлағында ойнаған музыкант, әуезді әнді нақышына келтіріп шырқайтын кең тынысты әнші де болған. Сондай-ақ спортқа да жаны құмар қаламгерді қазақ зиялылары ерекше бағалап, Сәкен сері деп атаған. Онымен қоса, жазушы көркем аудармамен де айналысқан - дейді, ақын, композитор Дәстен Баймұқанов.


 ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, АҚЫН, КОМПОЗИТОР, «АСЫЛ МҰРА» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біз бүгін жақсы бір нәрсе, осы мектеп оқушыларының осы Сәкеннің шығармашылығына арнап жасаған ғылыми еңбектерін қарастырамыз. Сосын бүгінгі біздің кешімізге Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің студенттерінің келуі. Олар да өздерінің ғылыми еңбектерімен келіп, осы Сәкен жүнісов туралы өз ойларын таласқа салады. Мұның өзі нені айтады? Бүгінгі біздің таңда өзіміздің осындай үлкен, ғұлама жазушы-ақындарымыздың еңбектерінің жастар ортасындағы бір көзқараспен қаратқызу.


Сәкен Жүнісов алғашқы қадамын балалар әдебиетінен бастап, прозаға романмен енген қаламгер. Автордың атағын аспандатқан, әдебиеттегі қолтаңбасына айналған туындылары – «Заманай мен Аманай» повесті, «Жапандағы жалғыз үй» романы мен «Ақан сері» диалогиясы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Жанар Әділбекованың айтуынша, жазушының шығармалары мектеп бағдарламында жоқ. Алайда, Оқуға құштар жобасының аясында Сәкен Жүнісіовтің шығармалары оқытылып, оқушылар арасында насихатталып жатыр.


ЖАНАР ӘДІЛОВА, ӘБУ ДОСМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ГИМНАЗИЯ-ИНТЕРНАТ МҰҒАЛІМІ:

Осы оқуға құштар жобасы бізде 5 жылдан артық жұмыс жасап жатыр. Осы жобаға байланысты бізде арнайы оқу сағаттары бөлінді. Яғни үзіліс арасында 30 минут беріледі. Сол 30 минут кезінде оқушылар өздерінің сүйікті кітаптарын алып кеп оқиды. Және кейбір сыныптарға арнайы жерлес өзіміздің жазушыларымыздың көркем шығармаларын оқы деп берген арнайы әдебиеттер де болды.


 Әдеби кеш барысында жазушының балаларға арнаЛған шығармаларының бірі, «Сақау бәтеңке» әңгімесінің желісі бойынша сахналық көрініс қойылды. Жерлес ақын Кәкімбек Салықовтың Сәкен Жүнісовке арнап жазған өлеңінен оқушылар үзінді оқыды.