Өңірде «Солтүстік-2024» қысқы спорт ойындары осымен 28-ші рет ұйымдастырылды.Биыл 13 ауданынан келген мыңнан астам адам спорттың 8 түрінен сынға түсті. Қысқы спорт ойындарында үздік нәтиже көрсетіп Қызылжар ауданының спортшылары жеңіске жетті.
Дәстүрлі қысқы спорт фестивалі аясында 16-18 ақпан аралығында керлингтен және конькимен жүгіруден сайыс өтті. Бұған дейін ринк-бенди, қысқы Президенттік көпсайыстан және шайбалы хоккейден аймақтық ойындар өткен болатын. Ал, өткен аптаның соңында Бескөл ауылында сайыстың финалы өтіп, шайбалы хоккей, футзал, шаңғы жарысы және шорт-тректен мықтылар анықталды. Ойынға Шал ақын ауданының атынан Мәдина Құрмашова қатысты.
МӘДИНА ҚҰРМАШОВА , қатысушы:
- Шал Ақын биыл жалпы командалық есепте 3-орынға ие болды. Мен өзім- шорт-трекке қатыстым. Маған бұл сайыс аздап қиынға соқты.. Себебі, бұл спорт түрімен көптен бері айналыспап едім. Ал, негізі жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Өз ауданымды мақтан тұтамын.
Сайыс қорытындысы бойынша спорттың барлық сегіз түрінен жақсы нәтиже көрсеткен Қызылжар ауданының спортшылары «Солтүстік-2024» ойынының чемпионы атанды. Екінші орынға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның командасы жайғасса, шалақындық спортшылар қола жүлдеге ие болды. Жеңімпаз команда мен жүлдегерлерге кубоктар мен дипломдар табыс етілді. Бұдан бөлек, 500, 300 және 200 мың теңгенің ақшалай сертификаттары берілді.
ДМИТРИЙ ЗАВАДСКИЙ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
аударма
- Ойын біздің Қызылжар ауданы үшін өте сәтті өтті. Спорттың 8 түрі бойынша өткен жарыста 6 жүлделі орынға ие болдық. Әсіресе, шорт тректен жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Жалпы, біздің командамамыз өте мықты болды. Дайындық барысында ешқандай қиындық болған жоқ.
Айта кетейік, биыл «Солтүстік-2024» ойыны Қызылжар ауданында өтті. Ал келер жылы спорттық мереке Ақжар ауданында ұйымдастырылмақ.