Облыста 318 мемлекеттік кітапхана бар. Оның 284-і ауылдарда орналасқан. Мемлекеттік кітапханалардың кітап қоры 4 миллионнан асады. Тұрақты оқырмандар саны 225 мыңнан асады. Бүгінгі таңда өңірдің кітапхана ісін дамыту үшін ақпараттық, цифрлық технологияларды енгізу және облыс кітапханашыларының біліктілігін арттыру көзделген. Сондай-ақ биыл Петропавл қаласындағы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми - әмбебап кітапхананың ашылғанына 90 жыл толып отыр.


Жыл басынан облыстық кітапханалар онлайн және оффлайн 25 896 іс-шара өткізді. Қазіргі таңда кітапханаларда 395 орталық бар. Онда оқырмандар үшін 57 коворкинг, 318 парасат жолы орталығы, 1600 ден астам клуб жұмыс істейді.


КӨГЕРШІН БЕРДАҒҰЛОВА, Ғ.МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ СҚО БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-   «Биылғы 2024 жыл кітапханамыз екі балалар жазушыларына арналған іс шаралармен басталды – жерлесіміз Зейнел-Ғаби Иманбаев және Менің атым Қожа шығармасымен танымал болған Бердібек Сокпакпаев аталарымыздың 100 жылдықтарына арналған бірнеше іс-шара өтті.Биылғы жылы біздің мақсаттарымыз – балалардың кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру, көптеген түрлі іс шаралар өткізу, заманға сай және балалардың ой саналарына сай болып, жеке көзқарастын ескере отырып кітаптарды ұсыну».


С.Мұқанов атындағы ОҒӘК – өңірдегі ең көне кітапханалардың бірі. 2014 жылы «Қазақстанның 21 ғасырдағы үздік кітапханасы» атағына ие болды. Бүгінде кітапхана қорында 700 мыңнан астам кітап бар.


БЕЙБІТГҮЛ ӘБІЛМӘЖІНОВА , С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  « Кітапхана халықаралық қорлардың 27 грантының иегері. Біз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған робот техникасы кабинетін ашуға грант ұтып алдық. Сондай -ақ кітап пен оқуды насихаттау бойынша 44 жоба жүзеге асырылуда. Оқырмандар үшін кітапхана ішінде бар жағдай жасалған. Жеке кабиналары бар "Coworking" орталығы", IT – орталығы, 3D–модельдеу; виртуалды шындық кабинеті, балалар бұрышы. Және бірнеше жыл бойы 10,14 жастағы жасөспірім балаларға арналған "Makerspace" шығармашылық алаңы жұмыс істейді».


С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми - әмбебеп кітапханасының ашылғанына биыл 90 жыл толады. Осыған орай Кітапханада ғылыми-практикалық конференция өткізуді, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған робот техникасы кабинетін ашуды, "Үздік жас кітапханашы - 2024" атты облыстық байқау өткізуді жоспарлаған.