Облыс әкімдігінің отырысы өтіп жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, көктемгі су тасқынына дайындық және облыстағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Тілші толықтырсын.
2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында нендей жетістікке жеттік? Қандай салада кемшіліктер бар? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық әкімдік отырысында жауап табылды. Алдымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов жіпке тізді.
ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
- 12 айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 97,8% құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 15,3% төмендеді.
Қуанышбек Қалижановтан "өсім орын алды" деген тіркесті жиі естідік. Алайда, жауаптылардың бәрі бірдей жоспарды орындамаған. Мысалы, былтыр 13 ауданның жетеуіне қажетті көлемде инвестиция тартылмапты. Осы себептен өңіріміз республикалық тізімнің соңғы жағынан табылған.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Аудан әкімдері бизнеспен жөнді жұмыс істеп отырған жоқ. Осыған байланысты жеке инвестициялардың көлемі өсер емес. Биыл аймаққа 557,5 млрд теңге тартылуы керек. Бұл былтырғыдан көп. Сондықтан, іске білек сыбана кірісу қажет. Кәсіпкерлік басқармасы аудан әкімдерімен бірлесіп, жоспардың орындалуына мүмкіндік беретін жобаларды көпке созбай әзірлеуі тиіс.
Ауыл шаруашылығы, халықты жұмыспен қамту, өндіріс және құрылыс. Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әр салаға тоқталып, кем-кетікті кеңінен айтты. Сөз соңында 2023 жыл бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері аса төмен аудандарды атады. Жамбыл, Уәлиханов, Шал ақын және Айыртау. Енді бұл аудандардың басшыларын жаза күтіп тұр.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Руководителю аппарата акима области вместе с заместителями по направлениям дать предложение по вопросу привлечения к дисциплинарной ответственности акимов районов, занявших по итогам 2023 года аутсайдерские места.
Облыстық әкімдік отырысында қаралған екінші мәселе - су тасқынына дайындық. Көктемнің ауылы алыс емес. 2 айдан соң аққайыңдар өлкесінде күн жылынып, қар көбесі сөгіледі. Өңірдің бас синоптигі Қымбат Мерғалымованың айтуынша, қауіп бұлты үйірілуі мүмкін. Бірқатар зерттеулер көңілге қаяу түсірерлік нәтиже берген.
ҚЫМБАТ МЕРҒАЛЫМОВА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директоры:
- 2023 жылдың күзі жылы әрі жауын-шашынды болды. Осының әсерінен жерде әжептәуір ылғал қоры қалыптасты. Біз 1 метр тереңдікті тексерген кезде орташа ылғалдылық көрсеткіші 52 мен 164 мм аралығында екеніне көз жеткіздік. Бұл нормадан 76% жоғары. Қоса кету керек, қазір жердің қатуы 138 см құрайды.
20 қаңтардағы дерекке сүйенсек, өңірде қардың да көлемі жоғары. Кей аудандарда ақ ұлпа 3 есеге көп түскен. Егер күрт ерісе және жер жібіп үлгермесе, 8 жыл бұрынғы жағдай қайталануы мүмкін. Бұған бірінші кезекте Төтенше жағдайлар департаменті дайын болуы керек.
ЕРІК САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД бастығы:
- Бүгінгі таңда су басу қаупі бар 87 елді мекен есепке алынды. Алдын алу шаралары кезіндегі маңызды жұмыстың бірі - ауылдардан қарды дер кезінде шығару. Инертті материалдарды дайындау, ауыр инженерлік техниканы жалға алу тәжірибесін жалғастыру, жанар-жағармай қорын құру, су сорғыш жабдықтарды әзірлеу және арықтар мен құбырларды тазалау мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керек.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Особое внимание следует уделить взаимодействию с коллегами из соседних регионов по вопросу мониторинга заполняемости и планируемого сброса воды из Астанинского, Чаглинского и Селетинского водохранилищ.
Жиында қаралған үшінші мәселе - өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай. Облыста қызылша бой бермей тұр. Ал онымен күрес тиісті деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл жайлы Үкімет отырысында да айтылды. Бүгінгі таңда қосымша иммундаумен 17 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл екпе егуге жататын халықтың 66%-ын құрайды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
- Петропавл қаласында, Ғ.Мүсірепов, Тайынша және Уәлиханов ауданында халықты ақпараттандыру жұмысы сылбыр жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы әкімдермен бірлесіп, іске қарқын қосуы тиіс. Біз иммундалған адамдардың санын арттырумыз қажет.
Облыстық әкімдік отырысы соңында өңір жетекшісі қаралған 3 мәселенің негізгі тұстарына назар аударып, өзінің орынбасарларына, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.