"Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні" республикалық акциясы аясында бұрын отбасында ойран салған ер адамдар петропавл қалалық полиция басқармасына шақырылды. Олар әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы қабылдау орталығын аралап, белгілі психолог Резеда Баймұхамбетованың дәрісін тыңдады.


- Дебоширит? — Да, какой? Я — спал…— Заявление будете писать? — Да! Буду писать заявление. — На кухню можно пройти? — Да… ) 


 "Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні" аясында учаскелік инспекторлар әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірлесіп, проблемалық мекен-жайларды аралады. Отбасылық жанжалға кезекті шақыру Жұмабаев көшесіндегі пәтерлердің бірінен түсті. Әйел адамның айтуынша, оның 62 жастағы күйеуі үнемі ішімдік ішеді, кейін жанжал шығарады. Ер адам полиция басқармасына жеткізілді; оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Сот 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.


 Айнагүл Сауытбекова, СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

- Отбасы тұрмыстық құқық бұзушылық саласында құқық бұзғандығы үшін 1874 азамат әкімішілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 487 азамат әкімшілік қамауға алынған, 279 азаматқа ескерту және 6 азаматқа айыппұл салынды.


 Облыста жыл басынан бері жанжалқойларға қатысты 2153 қорғау ұйғарымы шығарылды. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 132 адам жауапқа тартылды. Отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау — жергілікті полиция қызметі жұмысының басымдықтарының бірі. Акция аясында полицейлермен бірге рейдтерге "Amanat" партиясының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен еріктілер қатысады. Соңғы 10 айдың қорытындысы бойынша облыста қылмыстың осы түрі азайғанымен, полицейлер профилактиканы тоқтатпайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты барлық мәселелер бойынша "150" республикалық желісіне, облыстық полиция департаментінің әйелдерді қорғау бөлімшелеріне — 8 (7152) 61-25-30 және 8 (7152) 49-31-58 телефон нөмірлеріне, Петропавл қаласының полиция басқармасына жүгінуге болады. "111" тегін сенім телефоны жұмыс істейді, оған қоңырау шалып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету бағдарламалары туралы кеңес алуға болады.