Өңірде жол жүрісі қағидаларын бұзған 5800-ден астам жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды. Жалпы жыл басынан облыс жолдарында жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты 113 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 110 адам жарақаттар алды.


 Балалардың қатысуымен 78 жол апаты тіркеліп, нәтижесінде 4 бала көз жұмды, 87 бала жарақаттанды. Тәжірибе көрсеткендей, жолдарда автокөліктер саны артып келеді. Ал жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің жолдағы тәртібі көңіл көншітпейді. Айта кету қажет, жолдардағы қауіп маусымаралық кезеңде айтарлықтай өседі. Осыған байланысты полицейлер жаяу жүргіншілер арасындағы заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтті.


Баян Байғаскина, СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін облыс аумағында 5831 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды және жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 812 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Құрметті жол қозғалысының қатысушылары! Сіздерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауларыңызды. Жолдың белгіленбеген жерлерінен өтпеулеріңізді сұраймыз әсіресе жаяу жүргіншілер өткелінен өтер кезде, бағдаршамнан өтер алдында көлік құралдарының жол беріп тұрғанына көз жеткізу қажет. Әсіресе, қысқы уақытта.


Соңғы 10 айда облыс жолдарында 327 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 39 адам мерт болды, 463 адам дене жарақатын алды. Жергілікті полиция қызметі басқармасының хабарлауынша, жол-көлік жарақатының алдын алу мақсатында 13 қарашадан бастап мүдделі мемлекеттік органдармен, азаматтық оғам интситуттарымен және БАҚ-пен бірлесіп, кең ауқымды «Жол қозғалысының қауіпсіздік апталығы» республикалық акциясы өткізіліп жатыр.