Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Шал ақын ауданындағы егін орағының барысымен және диқандардың жұмысымен де танысты. Аталған аудандағы орақ науқаны қандай деңгейде? Шаруалар егіннің қанша көлемін жинап үлгерген? Арна тілшісі біліп қайтты.


 Бұл Шал ақын ауданының шаруасы Александр Лугининнің егістік алқабы. Қазір мұнда жұмыс қызу жүріп жатыр, жаңбырдың салдарынан егін жинау науқаны ұзаққа созылып кетті. Ауа-райы қолайлы болғанда науқанды ертерек аяқтар едік ,-дейді шаруа. Диқанның айтуынша, қазіргі уақытта егіннің тек 50%-ы жиналған.


АЛЕКСАНДР ЛУГИНИН, «СТИМУЛ-23» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- «Егіс жақсы өтті, ал егінді жинауда біраз қиындықтар туындады. Ауыл шаруашылығындағы тәжірибелі адамдар айтқандай, мұндай ауа-райы 25 жыл бойы болмаған. Әрине, қиын жағдай. Тек қазір қалыпты түрде жинай бастадық. Егер қолдау болса, фермерлер әрі қарай да дами береді. Бірақ ешқандай көмек көрсетілмесе жұмыс та тоқтайды. Жалақыны көтеруді де тоқтатамыз, салық та уақытында төленбейді».


 Жергілікті фермерлермен кездесуге келген ауыл шаруашылығы министрі шаруаларға тиісті көмек көрсетіледі деп сендірді. Биылғы жылғы науқанда қиын жағдай қалыптасқаны бәріне мәлім. Алайда, Сапаров қажетті қолдау шаралары қабылдануда екенін тағы бір мәрте айтты. Мәселен,18 қыркүйектен бастап астықты кептіру үшін дизель отынының қосымша көлемін бөлуге өтінімдер қабылдау басталды. Басқа да маңызды мәселелер шешілуде.


АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

-  «Несиелерді ұзарту мәселесі қаралды. Барлық қаржы институттары хабардар. Әр шаруашылықпен жеке айналысатын болады. Мерзім ұзартылатын болады. Субсидиялау бойынша жалпы республика бойынша 155 миллиард берешек бар. Жыл соңына дейін осы соманы өтеуге тырысамыз. Әрине, азық-түлік корпорациясында астық бар, кім тұқымды егуге үлгермеді соларға тарататын боламыз. Біз қазір өнгіштігін, тазалығын тексереміз, егер ол сәйкес келсе, біз егін жинау үшін отбасылық қорды тауарлық несие ретінде таратамыз. Осы мәселелердің барлығы шешілетін болады».


 Айдарбек Сапаровпен бірге өңірге Аграрлық несие корпорациясы мен Азық-түлік корпорациясы басқармасының төрағалары да келді. Ауыл шаруашылығының мамандары Министрге толғандыратын бірқатар сұрақтар қоюға мүмкіндік алды. Сапаров өз кезегінде мәселенің барлығы ескеріліп, шешім қабылдауға көмектесуге тырысатынын айтты. Шал ақын ауданында ауа райы жағдайлары дұрысталса дәнді дақылдарды жинауды қазан айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Орташа өнімділік қазір гектарына 10 центнерді құрайды.


ТІЛЕК СҰРАҒАНОВ, ШАЛ АҚЫН АУДАНЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ М.А:

"Астықты кептіру үшін арзандатылған дизель отыны бойынша сұрақтар болды, қазір 2 күн бұрын арзандатылған дизель отынына өтініш бере бастадық. Бүгінгі таңда барлығы өтініш берді. Егіс алаңы 202 мың гектар, ал майлы дақылдар 45 мың гектар".


 Бүгінгі күні дәнді дақылдардың 65% және майлы дақылдардың 20%-ы жиналған. Айта кетейік, Шал ақын ауданында қыркүйек айында жауын – шашынның нормасы 29 миллиметр деп белгіленген, ал бүгінде 51 миллиметр жауған. Айдарбек Сапаров шаруаларға сәттілік тілеп, мемлекет фермерлерді қолдаусыз қалдырмайды деп сендірді.