5 - қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл атаулы датаға орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тіл мәртебесі-ел мерейі» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Оған ақын-жазушылар ,студенттер, кітапхана оқырмандары қатысты.


5 - қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл атаулы датаның тарихы 1989 жылдан басталды. Сол жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Бұл мереке 1998 жылдан бері аталып келеді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі мақсаты - тіл мәртебесін көтеру, ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету.


 ДАМИРА СЕРІКБАЕВА, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ:

- «Іс-шара барысында тіл туралы, тіл мәртебесі, тіл заңдылығы жайында баяндамалар оқылады. Сонымен қатар, тіл туралы жазылған өздерінің авторлық өлеңдерін және де ақындардың шығарған өлеңдерін оқиды. Іс-шара соңында тіл тақырыбына арналған кітап көрмесіменде айналыса алады.»


Іс-шараға № 7 орта мектептің 10 сынып оқушысы Полина Чуряк қатысты. Оның сөзіне қарағанда, мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұруы керек. Себебі, бұл ұлтаралық қатынастарды жақсартып, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері мен тілін құрметтеуге шақырады. Полина қазір өзі қазақ тілін үйреніп жатыр екен.


 ПОЛИНА ЧУРЯК, ОҚУШЫ:

-  « Мен бұл әдеби-музыкалық кешке қатысқаныма қуаныштымын. Мұндай іс-шаралар өзге тілді , өзге салт-дәстүрді сыйлауға шақырады. Өзім осындай әдеби кештерге шақырған кезде міндетті түрде қатысуға тырысамын. Мен өзім қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын. Бұл барша Қазақстан азаматының міндеті деп білемін.»


Бүгінде елімізде 100-ден асатын ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Елімізде 10-нан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді