Петропавл қаласы полиция басқармасының қызметкерлері тұрғындармен кездесіп жатыр. Мақсат - қашықтан жасалатын алаяқтық фактілерінің алдын алу. Екінші полиция бөлімінің басшылығы және № 5 учаскелік полиция пункті инспекторлары Жұмысшы кентіндегі Островский көшесінде орналасқан көп пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарымен үлкен жиналыс өткізді.
Екінші полиция бөлімінің бастығы Талғат Смағұлов интернет-алаяқтар жиі қолданатын және басқа да кең тараған тәсілдері туралы айтып берді. Бөлім бастығы тұрғындарды қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, ақпаратпен бөлісуді сұрады. Интернет-алаяқтар қаржылық операцияларды жүргізу туралы күмәнді ұсыныстармен жиналғандардың барлығына дерлік хабарласқан. Ең қарапайым әрі тиімді амал – әңгімені аяқтап, тұтқаны қоя салу.
Айнагүл Сауытбаева, Петропавл қ. ПБ учаскелік полиция инспекторының көмекшісі:
- Екінші полиция бөлімінің аумағында тұрақты түрде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша халықпен кездесулер өткізіліп, оларға түсініктеме ретінде парақшалар беріліп тұрады. Тұрғындар арасында интернет-алаяқтық туралы естігендер де бар, алданғандар да бар. Дегенмен жаңадан ақпараттар алды бізден.
Жыл басынан облыста интернет-алаяқтықтың 400 фактісі тіркелген. Көбінесе облыс орталығының тұрғындары алаяқтардың құрбаны болған – мұндай 312 факті. Талдау көрсеткендей, қаскөйлердің қармағына түскендер – 40 пен 60 жас аралығындағылар. Алаяқтардың айла-тәсілдерінің арасындағы кең таралғандары – «банктен хабарласу» және интернет арқылы тауар алған кезде алдын ала төлем талап ету.
Елена Эбель, ПИК төрағасы:
- Полиция қызметкерлері осындай жиналыс өткізеді дегенде бір-бірімізге хабарласып, аулаға жиналдық. Полиция бекеті бізге жақын орналасқан. Сондықтан үнемі байланыстамыз. whatsapp-чаттарымыз бар, ақпарат алмасып тұрамыз. Осындай атқарылып жатқан жұмыстар үшін барлық тұрғын атынан алғысымды білдіргім келеді.
Полицейлер телефон арқылы сөйлесу және желіде жазысу барысында жеке мәліметтерді ешкімге бермеу қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ құрылғыңызға күмәнді қосымшаларды орнатпаған жөн. Қаржылық операцияларға қатысты асығыс шешім қабылдау қауіпті, әңгімені бірден тоқтатып, өз банкіңіздің Call-орталығына және полицияның «102» нөміріне хабарласу қажет.