Петропавл әкімі БАҚ өкілдерімен облыс орталығындағы бірқатар құрылыс нысанын аралады. Құрылысы кешеуілдеп жатқан тұрғын үйлерге жауапты мердігер компаниялардың өкілдерімен тілдесіп, жұмысты сапалы, әрі уақытылы тапсыру керек екенін тілге тиек етті.


Арнайы ұйымдастырылған пресс-тур барысында Петропавл әкімі журналистерге қаланы абаттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы құрылысы кешеуілдеп жатқан көпқабатты үйлер басты назарда. Солардың бірі - Порфирьев көшесінің бойында орналасқан мына үй.


СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Бұл үйлер халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындарға арналған. 120 жетім және 120 көп балалы отбасына пәтер кілттері табысталуы керек. Бұл баспаналардың құрылысы 2021 жылдан бері жүргізіліп келеді. Енді биыл қыркүйек айында оны аяқтап, қолданысқа тапсырамыз деген жоспар бар.


Жол құрылысы бойынша мердігер компанияларға конкурс жарияланған. Жақында «Жас өркен» ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің арасында жаңа тас жолдар пайда болады. Қала әкімінің сөзіне қарағанда, Горький мекен-жайы бойынша орналасқан үйлерде де аббаттандыру кестеге сай жүргізілмей жатыр. Алайда, жауапты компания шаһар басшысына 15 тамызға дейін жұмыстар аяқталады деп уәде етті.


 СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Аббаттандырумен «Энерджи Тараз» ЖШС айналысып жатыр. Алайда, кестеден қалып қойды. Жоспар жасалды. Енді мердігер компания 15-іне дейін негізгі жұмысты аяқтауы керек.


Уәлиханов көшесінегі үйлерді абаттандыру жұмыстары да кешеуілдеп жатыр. Серік Мұхамедиевтің сөзіне қарағанда, үйлерге тұрақты электр жарығы қосылған. Қазіргі уақытта ойын алаңқайларын орнату керек. Тұрғындар жақында көптен күткен қоныс тойын тойлайтын болады.


Жансая Қайыпова