Еліміздің әр түкпірінен белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен облыс жұртшылығы Алты алаштың ардақты ұлы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын атап өтуге арнайы келген. Қазақтың бірлігі мен Алаштың азаттығы үшін күрескен сыршыл ақының мерейтойлық бағдарламасы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртістері ұсынған қойылыммен басталды. Көптің көңілінен шыққан туынды Мағжанның Мәскеудегі Жоғары әдебиет-көркемөнер институтынан елге оралған сәтінен басталды. Сахнада әртістер қазақ поэзиясында жұлдыздай жарқ еткен ақынның алдаспан сәтін өрнектейді. Кейін қудалауға ұшырап, өмірдің ақ пен қарасы арпалысып, Мағжанның басына нәубет келеді.


Ақиық ақынның мерейтойында жиылған жұртшылыққа ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов ақ тілегін арнап, қызылжарлықтарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтау хатын оқыды.


 ЕРЛАН ҚОШАНОВ , ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

– Мағжан дегенде алдымен қазақтың қасиетті қара өлеңі ойымызға оралады. Мағжан – Жүсіпбек Аймауытов айтқандай: «Жүректің қобызын шерте білген, өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет туғызған, сөзге жан бітірген, абайдан кейінгі Ұлт ақыны. Мағжан дегенде халқымыздың 20 ғасырдағы алмағайып ауыр тағдыры көз алдымызға келеді. Мағжанның асыл қазынасы, бүгін де, болашақта да өміршеңдігін жоғалтпайды. Президент айтқандай, халқымен бірге жасайды. Қызылжар өңірінде екі күннен бері өткізіліп жатқан ғылыми конференция, республикалық айтыс, бүгінгі салтанатты жиын соның жарқын көрінісі.


Сондай-ақ, облыс әкімі Айдарбек Сапаров мерейтойға қатысушыларға ақжарма тілегін жолдады.


 АЙДАРБЕК САПАРОВ , СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Мағжан қазақтың ұлы жазушысы, ақын, публицист, педагог және қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Белгілі ақын Валерий Брусов Мағжанды дарындылығын және дарындылығы үшін «Қазақтың Пушкині» деп өзінің зор бағасын берді. Жерлес ақын Қазақстанда алғашқылардың бірі болып, Шығыс және Европа мәдениетін тоғыстырған ақындар шоғырына жатады. Мағжан Жұмабаев аса білімді тұлға болған. Араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген.Ұзақ жылдар бойы тыйым салынған өлеңдері шығыс елдерінде халық жадында сақталды, оған әндер жазылды. Соның арқасында Мағжанның мұрасы жетіп, халық игілігіне айналды.


Ресми құттықтау барысында Түркия елінің астанасынан келген Хаджи Байрам Вели университетінің оқытушысы Хулия Касапоғлы Ченчел ақынның отты жырларын тебіріне оқып, Мағжанның Түркі дүниесіне қосқан зор үлесі жайлы ой тербеді. Сондай-ақ, ақын ұрпақтарының бірі Жанат Қабдөшұлы дүбірлі тойды ұйымдастырған облыс басшылығына алғысын білдірді.


Сарытомарда өткен дүбірлі тойда өңіріміздің белгілі өнерпаздары әсем әндерін шырқап, биден шашу шашты. Мағжанның сөзіне жазылған әндер шырқалып, оның шығармашылығы жан-жақты насихатталды.


Жігерлі жырдың иесі атанған Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Тұранның тұғырлы тұлғасы» атты халықаралық айтыстың ақтық мәресі де осы тойда өз жалғасын тапты. Екі күнге созылған аламан бәйгеде төгілтіп жыр төккен алматылық жас ақын Шұғайып Сезімхан бас жүлдені иеленіп, «Chevrolet» автокөлігін тақымына байлады.


Мағжанның мерейтойына орай Сасықкөлдің жағасында алыстан менмұндалаған ауыл пайда болып, киіз үйлер бой түзеді. Әдеттегідей қолөнер шеберлерлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Халық ағаш пен металлдан жасалған ерекше бұйымдарды тамашалап , ұнағанын сатып алды. Қолөнерші Қанат Исеков көздің жауын алатын әсем заттардың жасалу әдіс-тәсілдері туралы айтып берді.


ҚАНАТ ИСЕКОВ, ҚОЛӨНЕРШІ:

- «Өзіміздің ұлтымыздың қолданбалы колөнері.Оның ішінде ағаштан ағашты ою темірді шеку.Содан кейін саз балшықтан түрлі музыкалық аспаптар жасау.Оның ішінде сассырнай,тастауық деген бар.»


 Еліміздің әр өңірінен келген үздік споршылар ат жарыс пен түйе палуанда сынға түсіп,мықтыларды анықтады.Ұлттық спорт түрлерінен оза шапқандарға бағалы сыйлықтар бар. Аса ауыр салмақтағы спортшылар арасындағы «Түйе паулан» жарысы аса тартысты өтті.Ақтық бәскеге жолдама алу үшін боз кілемге шыққан Уәлиханов ауданының спортшысы Алтынбек Аусағитов Есіл ауданынан келген қарсыласынан басым түсіп жеңімпаз атанды. Бірнеше жыл қатарынан «Қазақстан барысы» турнирінде өнер көрсетіп жүрген саңлақ жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылды.


АЛТЫНБЕК АУСАҒИТОВ, БАЛУАН:

- «Жаңа күрескен өзіміздің Исатай ағамыз.Сол ағамыз мықты бұрын сол кісілерден үлгі алатынбыз.Кездесуіміз белдесуге дейін барды.Нәтижесінде мен жеңіске жеттім.»


Кейін кезек ат жарысқа да келді. Бәйге десе делебесі қозатын жанкүйлерлер Сарытомар ауылының маңында өткен бәсекенің куәсі болды.Айналым ұзындығы 2,5 шақырымға созылған тартыста 60-тан астам сәйгүлік жарысқа түсті.


РАМАЗАН МАХАТОВ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІ:

- «4 қашықтықтан бәйге жүріп жатыр.2 жастағы құнандар 7 шақырым шауып жатыр.Олар жаңа шауып келді.Қазір жорға жарыс болады.»


Көп ұзамай қазақтың ұлттық ат спорты құнан бәйгеде басталып кетті. Құнан бәйге күштілікті, шыдамдылықты, ептілікті әрі бәйге аттарының ерекше төзімділігін қажет ететін аламан бәйгеге дайындық болып есептеледі. Еліміздің 17 жас шабандозы жүлделі орындарға таласты. Шал ақын ауданының спортшысы Арнат Мұратхан қарсыластарынан оза шауып мәре сызығына бірінші болып жетті.Бұған дейін 5 темір тұлпарды қанжығасына байлаған шабандоз осы жолы да құр қол қайтпады.


АРНАТ МҰРАТХАН, ШАБАНДОЗ:

- «Бәйге басынан үшінші болып шауып келе жаттым.Соңғы айналымға жеткенде бірінші болып келе жатқан құнанды қуып жетіп мәреге бірінші болып келдім.»


 Ат жарысының ең басты бәйгесі – аламан бәйгеге де кезек жетті.Қазақстанның ең мықты деген 30 сәйгүлігі, жарыстың бас жүлдесі Шевролле кобалт автокөлігін сарапқа салды .Шабандоздар 21 шақырымды еңсеріп шын жүйрікті анықтады. Нәтижесінде Алматы қаласының атынан шыққан жеткіншек темір тұлпардың иесі атанды.


ИСЛАМНҰР ЕРТӨС, ШАБАНДОЗ:

- «Бір ат қашты басында.Соңғы айналымда 1 және 2 келе жатқан аттарды басып оздым.6 жыл болды жылқы спортымен айналысып келе жатқаныма.»


Мерейтойда Мағжанның ұрпақтары ақынның өлеңдерін жатқа оқып,

туысы Фархат Ғәріпов «Абақтыда» әнін шырқап берді.


ЖАЙНА ШЕРНИЯЗОВА, ТІЛШІ:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін, – деген отты өлеңді жазған Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған салтанатты іс-шара екі күнге жуық жалғасуда. Облыс бойынша 30-ға жуық ауқымды іс-шаралар Мағжан Жұмабаевтың рухына арналған.


Республика көлемінде тойланған ұлан асыр тойға Әзірбайжан, Түркия, Қырғыстан және Ресей елдерінен зерттеуші ғалымдар, өнер қайраткерлері мен елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері арнайы келген. Халқының асыл перзенті Мағжанның мақпал жырлары барша Түркі жұртына таныс.


РЕЙХАН ДАДАШЕВА , БАКУ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ӘЗІРБАЙЖАН РЕСПУБЛИКАСЫ:

-  Мен Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Бүгін ақынның туған жерінде нағыз қазақтың тұрмысынан сыр шертер ауылын көріп отырмын. 2009 жылы Әзірбайжандағы ТРТ каналында Мағжанның өмір жолы жайлы телебағдарлама әзірленеді. Содан Али Шами атты зерттеуші 2014 жылы «Түркішілдіктің құрбандары» атты кітапты жазып шығады. Ол зерттеу жұмысында 1937 жылғы барлық репрессия құрбандары жайлы айтылған. Сондықтан Әзірбайжан елі Мағжан ақынды жақсы көреді әрі құрметтейді.


 Арқалы ақынның тойына жиылған халықтың қарасы қалың болды. Облыс жұртшылығы мерейлі кештен алған әсерлерімен бөлісіп, ішкі толқыныстарын жеткізді.


- Міне, бүгін ғажап күн, қандай жақсы, өздеріңіз естіп жатсыздар, Мағжанның жүріп өткен жерімен жүріп жатырмыз. Мағжанның өлеңі, елі туған елкесі не деген ғажап! Бұл расында да өмірге 100 жылда бір келетін тұлға!


- Мына мейрам құтты болсын! Қазақ елі жасай берсін, ұлттық спортымыз жасасын.


-  Мынау мейрам құтты болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Осындай мейрам елімізде бола берсін, Қазақстан алға!


ЖАЙНА ШЕРНИЯЗОВА, ТІЛШІ:

Қоғам қайраткері, Алаш ардақтысы, өршіл рухты ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына мерекелік іс-шараны Қуандық Рахымның концертік іс-шарасы аяқтады. Осылайша Сарытомар жеріне жиналған Қызылжарлықтар түрлі мерекелік іс-шараны айтарлықтай атап өтті.