23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні. Елімізде бұл кәсіби мереке 2014 жылдан бері аталып өтіледі. Бүгінде облыста бұл салада 2 мыңнан астам маман еңбек етеді. Мерекеге орай арна тілшісі облыс әкімдігінің аппаратында болып, өз ісінің үздіктерімен тілдесіп қайтты.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз» деді. Демек бұл қызмет табанды еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Мереке қарсаңында облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Сейілхан Серікбаев үздік қызметшілермен таныстырып, жұмыс барысын көрсетті. Бүгінде облыс әкімінің аппаратында 80-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етеді.


СЕЙІЛХАН СЕРІКБАЕВ, СҚО ӘКІМДІГІ АППАРАТЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:

-  Мемлекеттік қызметшілердің ынталандырудың қандай жолдары бар, біздер қандай шаралар қолданамыз. Атап айтар болсақ, жыл бойы мемлекеттік қызметшілер арасында конкурстар жариялаймыз. Жеке өзім Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде әрбір ұжымда дауыс беру арқылы «Үздік мемлекеттік қызметшіні» таңдады.


 Өмір жолын жауапты қызметпен байланыстырған Гүлнәр Мырзақанова Жамбыл облысының тумасы. Солтүстікте қанат жайып, шаңырағын бекіткен әйел «Берекенің бастауы – тұрақтылықта» дейді. 2007 жылдан бастап еңбек қауіпсіздігін бақылау және қорғау бөлімінің маманы қызметін атқаратын ол бүгінде өз ісінің шебері. Тәжірбиелі маманның көмегіне азаматтар көбіне «еңбек дауларына» қатысты мәселе бойынша жүгінеді.


ГҮЛНӘР МЫРЗАҚАНОВА, СҚО ӘКІМДІГІ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

- Маған өзімнің жұмысым ұнайды. Мемлекеттік қызмет дегеніміз үлкен жауапкершілік. Жұмыс беруші мен жұмыс істейтін азаматтар арасындағы қарым-қатынастарды, еңбек кодексінде жазылған қағидалар мен нұсқаларды қадағалау біз үшін асқан жауапкершілік. Сондықтан бұл қызметте жұмыс істеген үлкен жауапкершілік деп есептеймін.


Бүгінде еліміздің әр азаматы мемлекеттік қызметке цифрлық жүйеде қол жеткізе алады. Юлия Мигачева 2021 жылдан бастап облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы болып қызмет атқарады. 10 жылдан астам қызметтік баспалдақтан сүрінбей өткен Юлия Михайловна бүгінде мемлекеттік қызметтің сапалылығына, жеделдігі мен жоғары дәрежеде орындалуына жауапты.


 ЮЛИЯ МИГАЧЕВА, СҚО ӘКІМДІГІ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

- Мен 2007 жылдан бері жұмыс істеймін. Қатарадағы қызметші ретінде келген едім. Барлық қызметтік баспалдақтан өттім. Бұл жұмысты істеу оңай емес, жауапкершілікті талап етеді.


Мемлекеттік қызметте 20 жылдан артық еңбек етіп келе жатқан Ләззат Жүкенова бүгінде облыс әкімі аппаратының кадрлар бөліміне жауапты.Ол өз еңбек жолын ауыл әкімдігінде бас маман болып бастаған. Табанды еңбек пен болаттай берік төзімнің иесі отбасында аяулы жар, асыл ана. Ляззат Аманжолқызының айтуынша, бүгінде облыс бойынша 200-ге жуық мемлекеттік қызметшінің орны бос тұр.


ЛӘЗЗАТ ЖҮКЕНОВА, ОБЛЫС ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ:

- Осы аппаратта 10 жылдан астам қызмет атқарып келемін. Кадрлар жұмысымен айналысамыз. Біздегі әкімшілік қызметкерлер «Б» корпусында жұмыс істейді. Олар конкурспен өтеді, ал саяси қызметкерлер тағайындалады.


 Елге адал еңбек етіп жүрген әрбір қызметшінің маңдай тері ел дамуына қосқан үлес деп білеміз. Өз ісінің мамандарына мерейлі мереке қарсаңында толағай табыс тілейміз.


Жайна Шерниязова