«AMANAT» партиясының облыстық филиалында Петропавл қаласының азаматтарына құқықтық көмек көрсетті. Кәсіби заңгерлер мен медиаторлар «Құқықтық көмек» жобасы аясында қала тұрғындарына кеңес берді. Қабылдауға келген қала тұрғындары күрмеуі қиын мәселені заң қызметкерлерімен бірге шешуге тырысты.
«Құқықтық көмек» жобасы көмекке мұқтаж азаматтарға айына бір рет тегін құқықтық кеңес береді. Қабылдауға қатысқан медиатор – Инесса Қуанова сот жүйесі саласында тәжірбиелі мамандардың бірі. Заң өкілі азаматтардың арасында туындаған дауды сотқа дейін бейбіт түрде шешуге шақырады. Мәселен екі көрші арасындағы дау-дамай, екі жастың ажырасу мәселесінде екі тарап істі ушықтырмай-ақ шешуге болатындығын айтады. Бұл екі жаққа да «тығырықтан шығудың тиімді тәсілі» дейді мадиатор.
ИНЕССА ҚУАНОВА , «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕКЕМЕСІНІҢ МЕДИАЦИЯ БОЙЫНША ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:
- Азаматтар әр түрлі сұрақтар бойынша біздің көмекке жүгіне алады. Қабылдауда кәсіби заң қызметкерлері бағыт-бағдар береді. Мен жетекші сарапшы ретінде дау-дамайды сотқа жеткізбеуге болатынын көрсем, медиация арқылы мәселені шешуге тырысамын.
Қабылдауға келген қала тұрғыны Серғазы Шаимов бірнеше жыл зейнетақы жарнасы мәселесі бойынша сергелдеңге түскенін айтады. Зейнеткер әуежайда 17 жыл бойы еңбек етсе де, зейнетақы жарнасының төленбегеніне наразы. Бармаған есігі, тоздырмаған табалдырығы қалмаған Серғазы Мақзұллаұлы қабылдауда заңгерлерден көмек сұрай келген.
СЕРҒАЗЫ ШАИМОВ, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- 2005 жылы Петропавл қаласындағы халықаралық әуежайға жұмысқа кірген едім. 2022 жылы зейнетке шықтым. 17 жыл бойы зейнетақы жүйесіне төлем алынып отырды, бірақ біздің есепке түспеген. Сол ақша қайда кетті?! Енді зейнетке шыққанымда маған «еңбек өтіліңіз жоқ» дейді. Зейнетақы жарнасы төленбегендіктен, еңбек өтілім де жоқ.
Кәсіби заңгерлер қабылдауда Серғазы Мақзұллаұлына бұл мәселені шешудің бірнеше тиімді жолын ұсынды. «Құқықтық көмек» жобасының негізгі мақсаты - түйіні тарқатылмаған істерді тез арада шешуге бағытталған.
Жайна Шерниязова