Биыл Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл. Осыған орай өңірде ақынның шығармашылығына арналған «Арқаның ардагері Ақан сері» атты мерекелік концерт өтті. Ән әуелеген әдеби-сазды кеште жергілікті әртістер өнер көрсетті.


 Ақан сері Қорамсаұлы 1843 жылы қазіргі Айыртау ауданы Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келген. Жастайынан алғырлығымен, қайталанбас өнерімен көпшіліктің көзіне түскен. Ақанның ақындық өнерін әншілік өнері әрлеп, сазгерлік қабілеті серілігімен ұласып жатты. Оның туындылары қазақ өнерінің өркендеуіне зор ықпал етті.


Жастар сарайында өткен арнайы кеште халықтың музыкалық қазынасында лайықты орын алған «Жамал қыз», «Майдақоңыр», «Ләйлім шырақ», «Мақпал», «Құлагер», «Маңмаңгер» сынды танымал туындылары орындалып, көрерменнің құлақ құрышын қандырды.


 Жалпы кеш барысында қалың елге кең тараған 20-ға жуық туынды шырқалды.