Соңғы 2 жыл ішінде Шал ақын ауданының бюджеті 2,3 есеге артып, 6,7 млрд теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған. Осы жылдың 11 айы ішінде ауданға 15 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Елді мекендерде сүт-тауарлы фермалар салынып, жол, су мәселелері біртіндеп шешіліп жатыр. Бұл туралы Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.


Бүгіндері шалақындық диқандар күнбағыс өсіру бойынша облыста жетекші орынға жайғасқан. Сондай-ақ, биыл мұнда 6 млрд теңгенің 5 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Ауқымды жұмыстар келер жылы да жалғасын таппақ.


 РАХАТ СМАҒҰЛОВ, ШАЛ АҚЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Келер жылы 13 млрд теңгенің 8 жобасын іске асырмақпыз. 3 сүт-тауарлы кешен салуды жоспарлап отырмыз. Олар Сергеевка қаласы мен Афанасьевка және Мерген ауылдарында орналаспақ. Элеваторлардың сыйымдылығын арттыру бойынша 3 жобаны жүзеге асыру міндеті қойылды.