Қарашаның 13-і Петропавлда спорттық бал биінен «Солтүстік Қазақстанның ашық кубогі» республикалық турнир-фестивалі және облыстың ашық біріншілігі өтті. Турнирде еліміздің бірқатар қаласы мен өңірімізден және РФ Түмен, Омбы, Қорған қалаларынан 500-ден астам жас өнерпаз бақ сынады. Жарыс әр түрлі жас санаттары бойынша ұйымдастырылды. Спорттық додаға қатысушылардың ең кішкентайы 4 жаста. Жарыста үздік өнер көрсеткендер кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды.


 Спорттық бал билері эстетикалық және сәнді спорт түрі. Оған еуропалық және латынамерикандық билер жатады. Спортқа жатқызатын себебі би көп энергияны, күшті, табанды жаттығуды қажет етеді. Оны мына би алаңындағы ақтық сында өнер көрсетіп жатқан жас таланттардың бойынан аңғаруға болады. Латынамерикандық шоу бағдарламасы бойынша олар ча-ча-ча, самба, румба билері мен еуропалық вена вальсі бойынша сынға түсіп жатыр.


 Спорттың бұл түрі өңірімізде 1970 жылдары пайда болды. Жарыстың мақсаты би спортын дамыту және насихаттау. Турнирге 4-11, 12-15 және 16 жастан асқан спортшылар қатысты. Спорттық додада Астана, Қарағанды, Степногорск, Рудный, Омбы , Түмен және Қорған қалаларынан барлығы 500-ден астам спортшы өнер көрсетті.


 ИГОРЬ КИМ, ҰЛТТЫҚ БИ КЕҢЕСІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

- «Пандемиядан кейін спорттық бал биінен турнир алғаш рет өткізіліп отыр. Қатысушалырдың да қатары бұрынғыдай емес аздау. Бұл жарысқа көршілес Ресей елінен де қатысушылар мен қонақтар келіп отыр. Төрешілер қатарында Ресейден келген кәсіби мамандар мен еліміздің жоғары санатты бапкерлері бар. Барлығына сәттілік тілеймін.»


 Ақтық сында өздерінің ең жоғары кәсіби дайындығын көрсете алғандардың бірі Астаналық жұп Рустам Карев пен Амаль Байсылбаева. Олар «Аморме Вито» би клубында жаттығады. Бишілер көрерменнің де төрешілердің де көңілінен шығып, басты жүлдені жеңіп алды.


АМАЛЬ БАЙСЫЛБАЕВА, РУСТАМ КАРЕВ -ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ:

-   «Мен бал биіне 5 жасымнан бастап қатысамын. Рустам екеуміз жұп болып өнер көрсетіп жүргенімізге бір жыл ғана болса да, осы уақыт аралығында біз біраз жетістіктерге жеттік.»

«Петропавлда спорттық бал биіне көп көңіл бөлініп, дамып жатқандығы өте қуантады. Көрермендерде келіп өнерімізді тамашалап қолдау көрсетуде. Осының бәрінен біз керемет әсер, шабыт алдық. Ұйымдастырушыларға, спорт сүйерқауымға алғысымызды айтамыз.»


Спорттық турнирде өңіріміздің би үйірмелерінің өнерпаздары әр түрлі жас санатта өнер көрсетіп 40-тан астам медальді иеленді.