Ботаникалық бақта монстера ағашы жеміс берді. Дәмі ананас, банан және құлпынайға ұқсайтын бұл тропикалық өсімдік соңғы 10 жыл ішінде алғаш өнім бергені. жақында мұнда африкалық кірпі пайда болған. Сирек кездесетін жасыл желектердің ордасында арна тілшілері болып қайтты.

 Монстера ағашы өңірімізге өткен ғасырдың басында әкелінген екен. Жапырақтары үлкен, биік ағаштың бұталары сынып, оларды мұндағылар бірнеше жерге отырғызыпты. Соның бірі былтыр гүлдей бастаған. Ал биыл жемісін берді. 

 АРТУР РЯЗАПОВ, БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
-
Биыл ботаникалық баққа 110 жыл толып отыр. Бұл монстераның бізге берген сыйы деп қабылдап отырмыз. Ағаш 10 жыл бойы өнім берген жоқ. Әзірге екі жеміс шықты. Монстера Оңтүстік Америкада кең таралған, сонымен қатар Үндістан мен Австралияда кездеседі. Тропикалық ағаштың жемістері 10 ай бойы піседі. Жемістің дәмі мен иісі ерекше, бір мезгілде ананас, құлпынай және бананды еске түсіреді. Оны десерт ретінде қолданады.

Ботаникалық бақта сирек кездесетін жасыл желектен бөлек, кей жануарлар мен құстар да пана тапқан. Жуырда мұнда африкалық кірпі пайда болды. Ол көзіміз үйренген сүтқоректіге ұқсамайды. Түсі-ақ. 

 АННА ЛЯШЕНКО, БОТАНИКАЛЫҚ БАҚТЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
- Бұл кірпіні бізге жас отбасы алып келді. Олар оны күтіп, баптай алмаған. Бұл сүтқоректі күндіз ұйықтаса, түнде белсенді. Сондықтан оларға ыңғайсыздық тудырған. Түсімен ғана емес, сонымен қатар нәзіктігімен де ерекшеленеді. Ол қолға алсаң тістемейді. Ол негізінен тышқанмен қоректенеді. 

Бұл кірпілер жүгіргенді жақсы көреді екен. Сондықтан алдағы уақытта бақ қызметкерлері  оған үлкенірек тор жасап бермекші.