Петропавлда  қарды қала сыртына шығаруға 120 техника жұмылдырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп.  Өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, еріген қар суы бірінші кезекте жеке сектордағы баспаналарға кіреді. Осыны болдырмау амалымен, қала әкімдігі коммуналдық кәсіпорындарды шеткері ықшам аудандарға жұмылдырды. Трактор, грейдер мінген механизаторлардың түнгі жұмысын арна тілшілері түсірді. 

БЕРІК ҚАСЕН, ТІЛШІ:

Еңгілік Сақтағанова Ойқала ықшам ауданында 98 жылдан бері тұрады. Айтуынша, осынша мол қар 2017 жылы болған. Сол жылы үйінің ішіне су кірген. Нәзік жан жағдайдың қайталанғанын қаламайды.

ЕҢГІЛІК САҚТАҒАНОВА, ОЙҚАЛА ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Биыл қар көп. Үйге жапсарлас орналасқан қарды ауыр техника ала алмайды. Біз міне, немереміз екеуіміз шығып, жиектегі қарды лақтырып жатырмыз. Әркім осылай шықса, маңайы таза болады. Тракторшылар қашан келеді екен деп қол қусырып, қарап отырады. 

Ойқала ықшам ауданына бір емес бірнеше компания жұмысшылары жұмылдырылған. Чернышевский, Герцен көшелеріне «КАZFORTIS» серіктестігі жауапты. Коммуналдық кәсіпорының қазір 10-нан астам техникасы жүр. Түкпірлердегі жол тар, оған қоса тұрғындар көліктерін көшеде қалдырған. Әрі кей жүргізушілер көшелердің арасынан шығып, қауіпті жағдай туғызады. Сондықтан механизаторлар қараңғы түнде қалғып кетпей, аса қырағылық танытуда. Тракторшы Есболат Есмұқанов осы іске әбден маманданған. 6 жыл еңбек өтілі бар.

ЕСБОЛАТ ЕСМҰҚАНОВ, «АРХМОНТАЖ» ЖШС МЕХАНИЗАТОРЫ:

- Қазір жылымтық қой. Шалшықтар мыз болып қатып қалған. Сол жерді қыру қиын. 12 техника грейдер, барсик, қарды артатын үш трактор жүр. Техниканың барлығы жаңа.

Жұмысшы кентінде де шаруа қызған. Мұнда «АРХМОНТАЖ» серіктестігінің қызметкерлері еңбектенуде.  Олар осы ықшам ауданда жиналып қалған қарды таңғы 8-ге дейін шығарамыз деп жоспарлаған. 

АЛЕКСАНДР ЦИМБАЛ, «АРХМОНТАЖ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Жұмысшын кентіне 25 бірлік техниканы шығардық. Бір түнде 4 мың текше метр қарды сыртқа тасиды. Жалғыз тұратын қариялардың есік алдын күреп береді.  Компанияда барлығы 30 адам тіркелген. Серіктестікте 30 шақты техника бар. Жыл сайын 6 жаңа техникадан сатып алып тұрамын.   

Өткен жылдары болған су тасқыны көпке сабақ болды. Биыл күн ерте жылынып, қардың көбесі сөгілуде. Осы жағдайды бағамдаған қала әкімдігі қарды сыртқа шығару шаруасын ұзаққа созбай, ерте кірісті. Әкімдік қызметкерлері шаруасы қызған учаскелерге барып, коммуналдық қызметкерлердің жұмысын таң атқанша қадағалап жүр. 

ДУЛАТ ШӘРІПОВПЕТРОПАВЛ Қ. ТКШ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ БӨЛІМІ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Өткен жылдардағы жағдай ескерілді. Қары мол түскен учаскелер бірінші кезекте тазалануда.  Ойқала, Жұмысшы, Береке және Қапай ықшам аудандарынан ақ ұлпан сыртқа шығарылады. Қала бойынша 120 техника жұмылдырылды. Әзірше, 740 мың текше мерт қар сыртқа шығарылды.

Петропавл қаласы бойынша барлығы 14 мекеме тартылған. Екі компания  тұрғындардың өтініші бойынша жұмыс істеуде. Яғни, суағарлары жоқ, баспаналары ойда орналасқан шеткері жақты күрейді. 

Берік ҚАСЕН