Биыл жерлес ақын, аудармашы Хамза Абдуллиннің туғанына 100 жыл. Осыған орай Петропавлда «Өлеңмен жаны сырласқан» атты әдеби кеш өтті. Жиында бас қосқан қоғам қайраткерлері, өңіріміздің ақын-жазушылары, тілшілер қауымы және студенттер Ұлы Мағжанның шәкірті болған қаламгердің қилы тағдыры мен шығармашылығы жайлы сөз қозғап, өлеңдерін оқыды.
Хамза Абдуллин 1919 жылдың 10 ақпанында Булаев ауданында туған. Сөз зергері Мағжанның жерлесі бола тұра ұлы ақынның шығармашылығына деген қызуғышылық бойында бала кезінен туындай бастаған. Мағжан бабамыздай қалам тербеп, түрлі тақырыптарда сөз қозғады. Тіпті тағдырлары да ұқсас болып, Мағжан Жұмабаевтың сөзін сөйлеген деген кінәмен бірнеше рет сотталған. Белгілі ақын, журналист Болат Қожахметов Хамза Абдуллиннің өмірі мен шығармашылығын «Ленин туы» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінен яғни 1970 жылдан бастап зерттеуде.
БОЛАТ ҚОЖАХМЕТОВ, АҚЫН, ЖУРНАЛИСТ:
- Ұлы Мағжанның ел десе, жер десе тіпті бөтен емес туыс болып табылатын Хамза Абдуллин өмір бойы Мағжан деп өткен. Бала күнінде Мағжанның тізесінде отырған. Мағжанның айтқаны дәл келді. Ол тура Мағжанның тағдырын қайталады. Мағжан ұқсап Қызылжарда оқыды.
Болат Қожахметов пен Хамза Абдуллин «Ленин туы» газетінің редакциясында да бірнеше рет кездескен екен. Болат ағаның айтуынша қаламгер өте сауатты, білімді әрі ер мінезді адам болыпты. Бүгінгі бас қосуда ол осы ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайлы жастарға дәріс оқыды. Ақынның тағдыры жайлы құны жетпес мағлұматты қызуғышылықпен тындағандардың бірі болашақ ұстаз Назым Биқожа.
НАЗЫМ БИҚОЖА, СТУДЕНТ:
- Бүгінгі Хамза Абдуллиннің 100 жылдық кешіне мен осы ағамыздың «Сыр» атты өлеңін оқып беремін. Яғни осы шығармаға тоқтала кететін болсам ағамыз ұзақ уақыт бойы жырақта жүріп Қызылжарға келген уақытта Ғабит Мүсірепов ағамызға сыр шерткендей яғни мен туған жеріме келдім осында көркейемін, енемін деп айтқандай.
Хамза Абдуллиннің алғашқы өлеңдері, очерктері, әңгімелері мен фельетондары 1936 жылдан бастап баспасөз бетінде жарық көре бастады. Ал шығармашылығының негізгі саласы – көркем аударма. Ол Грузияның ұлы ақыны Шота Рутсавелидің «Жолбарыс тонды жиһанкез» атты дастанын 15 жыл бойы қазақ тіліне аударған екен. Бүгінгі кеште оның «Анама», «Жалғыздық», «Бостандық», «Сыр» секілді өлеңдері оқылды.
Майгүл СЕЙІЛБЕК