Солтүстікте қатты жел басылар емес. Бұл жолы да оның тигізген зияны біршама. Сәтпаев көшесінде дауыл көп жылға ағашты түп-тамырымен жұлып алып, көпқабатты үйлердің біріне құлатты. Апат болған орынға арнамыздың түсірілім тобы барып қайтты.
Жаз мезгілінде үй тұрғындарын күннің көзінен қорғаған ағаш дауылға төтеп бере алмай терезелерге құлады. Күніне мың құбылған ауа райы адам өміріне қауіп төндіріп отыр. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
КОНСТАНТИН ТРИППЕЛЬ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
- Әке-шешемнің балконына ағаш құлады. Жұмыстан келе жатқанымда осы көрініске куә болдым. Жел қатты болды. Шынымды айтсам есеңгіреп қалдым.
Бұл ағаштардың қауіп төндіруі мүмкін екендігін бұрын болжай да алмағандығын тұрғындар жасырмайды. Енді олар ескі талдарды кесу керек, деп дабыл қағуда. Облыс орталығында жиі орын алып тұратын қатты желдердің кесірінен жергілікті тұрғындар енді өз көшелеріне қалалық коммуналдық қызмет мамандарының келгенін күтуде.
ОЛЕСЯ КОЧЕТКОВА, ПИК ТӨРАҒАСЫНЫҢ М.А.:
- Барлық ағаштар ескі, көбі құлап жатыр. Оларды өзіміз кесіп, алып тастауға жағдайымыз жоқ. Бұған дейін де осындай оқиғалар орын алған. Орталық көшелерден басқа жерлерде де абаттандыру жұмыстары жүргізіледі деген үміттеміз.
Синоптиктердің болжамына сенсек дауыл жақын уақытта тиышталмайды. 1 маусымда СҚО аумағында желдің екпіні секундына 28 метрге дейін күшейеді деп күтілуде.
Майгүл СЕЙІЛБЕК, Яна ГЛАДКОВА
Тегтер: Петропавл жаңалықтары мен оқиғалары, Солтүстік Қазақстан облысының соңғы жаңалықтары, Петропавлдағы соңғы жаңалықтар, жел, табиғат, ауа райы, ағаштар