Петропавлда «TURAN» ансамблінің «Folk & Symphony» кеші өтті
Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен күмбірлеген домбыра мен қобыз үні. Петропавлда Ақан сері атындағы облыстық филармония сахнасында «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі «Folk & Symphony» жобасын ұсынды. Германияда бастау алып, әлемдік деңгейде танылған бірегей бағдарлама солтүстікқазақстандық көрерменді несімен тәнті етті? Тілші бейнематериалында.
Ансамбль құрамында небәрі бес музыкант бар. Соған қарамастан, олар отыздан астам көне аспапты жетік меңгерген және сахнада өнер көрсету барысында бірінен соң бірін алмастырып ойнайды. Оның ішінде киелі қылқобыз, домбыра, шаңқобыз, сыбызғы мен керней бар. «Folk & Symphony» жобасы қазақтың төл фольклорын әлемдік классикамен шебер ұштастыра білді. Уақыт өте келе ұжым қоржыны «Ежелгі Тұран» және «Жәмилә» атты музыкалық поэмалармен толықты. Бұл туындылар 2022 жылы аттас альбомның тұсаукесерінде алғаш рет симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындалды. Халықаралық бастамаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Израильдің музыкалық ұжымдары атсалысты. Ал 2025 жылы ансамбльдің төлқұжатына айналған «Ер Тұран», «Қилы заман» және «Қара жорға» композициялары ауқымды симфониялық нұсқада жаңаша тыныс алды.
СНХР: СЕРІК НҰРМОЛДАЕВ – «TURAN» АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ
Сондай-ақ өнерпаз өз шығармашылығы арқылы көрерменге қандай ерекше сезім сыйлап, тыңдарман жүрегінде қандай рухани із қалдыруды мақсат ететінін де айтып өтті.
СНХР: СЕРІК НҰРМОЛДАЕВ – «TURAN» АНСАМБЛІНІҢ МҮШЕСІ
Кеш қонақтарының қатарында ансамбльдің өнерін ерекше бағалайтын, әр концертін асыға күтіп, қалт жібермей тамашалайтын тұрақты тыңдармандар да аз болмады.
СНХР: ИРИНА БОНДАРЕНКО
«TURAN» ансамблінің мүшелері — жай ғана орындаушылар емес, ұлттық өнердің нағыз зерттеушілері. Олар бабалардан қалған бай музыкалық мұраны терең зерделеп, көне аспаптардың тарихын түгендеп жүр. Осылайша, ұмыт бола бастаған көне сарындар мен төл дәстүрлерді қайта жаңғыртып, әлемдік деңгейде дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келеді.