Өндіріс пен білімнің тоғысуы
Бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие маман даярлау – кәсіптік білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Бұл ретте колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы әріптестіктің маңызы зор. Осы мақсатта Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде «Өндіріс – білім беру: кәсіби сұраныстан табысты түлекке дейін» деп аталған облыстық форум өтті. Жиын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және оқу орнының 106 жылдығына арналды.
Бүгінде Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде 1500-ден астам студент білім алады. Олар 17 мамандық бойынша кәсіби даярлықтан өтеді. Оның 11-і – педагогикалық бағыттағы мамандықтар. Форумның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, болашақ мамандарды еңбек нарығының нақты талаптарына сай даярлау. Іс-шара аясында студенттердің өндірістік практикасы мен жетістіктеріне арналған көрмелер ұйымдастырылды. Сондай-ақ қатысушылар үш панельдік алаңда тәжірибе алмасып, кәсіби даярлықтың өзекті мәселелерін талқылады.
СНХР: ӘСЕМ ЖАКИНА, М. ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ-ӨНДІРІСТІК ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Колледж бен жұмыс берушілердің өзара байланысы студенттің болашақ маман ретінде қалыптасуына тікелей әсер етеді. Өйткені теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру – білікті кадр даярлаудың маңызды шарты. Форумға өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, педагогтер, IT-компаниялардың өкілдері және өндірістік практика жетекшілері қатысты. Олардың қатарында колледждің әлеуметтік серіктестері де бар.
СНХР: БАЛДЫРҒАН ІЛИЯСОВ, «БАЛАРМАН» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Пленарлық отырыста кәсіптік білім берудегі сабақтастық, педагогтердің кәсіби дамуы, кадр даярлаудағы жұмыс берушілердің ортақ жауапкершілігі және білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану мәселелері талқыланды.