Еңбек пен инвестиция нәтижесі: Бір серіктестік бүтін бір ауылды көркейтіп отыр
Мал шаруашылығын дамыту – еліміздің аграрлық саясатының басым бағыттарының бірі. Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы табысты жобалардың тәжірибесін кеңінен таратып, инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Қазақстанда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде ел бойынша 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Бұл жобалардың жылдық жалпы өндірістік қуаты 462 мың тоннадан астам сүтті құрайды. Түсірілім тобы Аққайың ауданындағы осындай шаруашылықтардың бірі – «Дайындық-Агро» ЖШС-не барып қайтқан болатын.Сюжеттен көрейік.
Дайындық ауылы күн санап көркейіп, қарқынды дамып келеді. Бүгінде елді мекенде жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, қоныс аударушы отбасылардың қатары көбеюде. Сонымен қатар ауыл инфрақұрылымы да айтарлықтай жаңаруда. Бұл оң өзгерістер – туған жеріне инвестиция салып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жергілікті шаруа қожалығының жүйелі жұмысының жемісі. Егіншілік пен мал шаруашылығын қатар өрбіткен кәсіпорынның тек сүт өндіруден түсетін жылдық табысы бір миллиард теңгеге жуықтайды. Мұндай ауқымды табыс ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне серпін беруде.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ
Бүгінде шаруашылықта 120 адам тұрақты еңбек етеді. Мұндағы орташа айлық еңбекақы 450 мың теңгені құрайды, ал тәжірибелі жұмысшылардың жылдық табысы 10 миллион теңгеге дейін жетеді. Еңбек процесі тиімді ұйымдастырылғандықтан, мамандар жыл маусымы мен өндірістік қажеттілікке қарай шаруашылықтың түрлі салаларына жұмылдырылады. Солардың бірі – осы кәсіпорында бесінші жыл табанды еңбек етіп келе жатқан Асқат Сүттібай. Механизаторлық салада 30 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман бүгінде жастарға үлгі болып, өндірістің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.
АСҚАТ СҮТТІБАЙ, КӘСІПОРЫН МЕХАНИЗАТОРЫ
«Дайындық-Агро» ЖШС-нің нарықта табысты еңбек етіп келе жатқанына 30 жылдан асты. Бай тәжірибеге сүйенген шаруашылық алдағы уақытта да өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Бүгінде кәсіпорын мал шаруашылығында заманауи цифрлық технологияларды кеңінен қолданады. Мәселен, әрбір малға орнатылған арнайы чиптер арқылы олардың денсаулығы мен сауылатын сүт көлемі тұрақты бақыланады. Барлық деректер бірыңғай электронды жүйеге жинақталып, өндірісті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар серіктестік мемлекеттік қолдау бағдарламаларының мүмкіндіктерін де ұтымды пайдаланып келеді.
БІРЖАН ШАЙМЕРДЕНОВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ
Өндірістің өркендеуімен қатар, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға да баса мән берілуде. Кәсіпорын есебінен қызметкерлерге арнап жыл сайын құны 20 миллион теңгеге дейін жететін 10 тұрғын үй салынып, мамандарға тегін беріледі. Сонымен қатар бүгінде Дайындық ауылында мектеп, шағын орталық, медициналық пункт, спорт кешені мен Мәдениет үйі халық игілігіне қызмет етуде. Серіктестік ауылішілік жолдарды жөндеу мен елді мекенді абаттандыру ісінен де шет қалмайды. Осылайша, Дайындық ауылы бір ғана шаруашылықтың табысты жұмысы тұтас елді мекеннің өмірін түбегейлі өзгерте алатынын дәлелдеп отыр.