Әр үйдегі қауіпсіздік
Бір ғана датчик адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Ал пештегі ақауларды дер кезінде жою тұтас бір отбасын қайғылы жағдайдан қорғайды. Күн суытып, жылыту маусымы басталғанда өрт қауіпсіздігі мәселесі де өзекті бола түседі. Петропавл қаласында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары әлеуметтік осал топтағы отбасыларға пештерін қысқы маусымға дайындауға көмектесуде. Олар өрттің шығуына немесе иіс шығып улануға себеп болуы мүмкін кемшіліктерді өздері түзетіп береді. Тұрғындарға қандай көмек көрсетілуде? Алдын алу жұмыстары неліктен маңызды? Бұл жайлы әріптесім Әсем Әкімқызы баяндайды.
Түтін мұржасын тазалау, көміртек тотығын анықтайтын датчик орнату, пеш алдына темір төсем төсеу және пешті әктеу. Бүгін бұл үйлерде қызу жұмыс жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тек профилактикалық тексеру жүргізіп қана қоймай, анықталған кемшіліктерді өз қолдарымен жоюда. Басты мақсат – тұрмыстық жағдайына байланысты пеш жабдықтарын өз бетінше ретке келтіруге мүмкіндігі жоқ отбасыларға қолдау көрсету.
СНХР: НҰРЛАН БАЯХМЕТОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
Бұл жолы құтқарушылар екі үйдің тұрғындарына көмек көрсетті. Солардың бірі – Ксения Падеркина. Ол бұл үйде отбасымен бірге екі жылдан бері тұрады. Екі кішкентай баланы тәрбиелеп отырған ана үшін үйдегі қауіпсіздік аса маңызды. Мамандар былтыр да профилактикалық тексеру жүргізіп, бірқатар ұсыныс берген. Биыл қайта келген құтқарушылар пештің жағдайын тексеріп қана қоймай, қажетті жұмыстарды атқарды. Көміртек тотығының датчигін орнатып, пеш алдына темір төсем төседі, анықталған саңылауларды бітеді. Енді үйдегі қауіпсіздік деңгейі біршама артты.
СНХР: КСЕНИЯ ПАДЕРКИНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жалпы, өңірде көміртек тотығын анықтайтын мыңнан астам датчик орнатылған. Дегенмен мұндай құрылғылар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың орнын алмастырмайды. Жыл басынан бері облыста 371 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 27 адам қаза тауып, 17-сі жарақат алған. Ал жеті адам уланған. Сондықтан түтін мұржасын уақтылы тазалап, пештің жарамдылығын тексеріп, үйге арнайы датчик орнату – адам өмірін сақтап қалуға көмектесетін қарапайым әрі маңызды шаралар.