Полиция қызметкері өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарды
Солтүстік Қазақстанда полиция полковнигі өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды аман алып қалды. СҚО ПД бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин ер адаммен диалог құрып, қолындағы пышақтарын беруге көндірген. Осыдан соң 41 жастағы бұрын сотталған азамат әкімшілік қамауға алынды.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары өзіне қол жұмсамақ болған петропавлдық ер адамды қолындағы екі пышағын беруге көндірді.
Петропавлда отбасылық жанжал қайғылы жағдайға айнала жаздады. 11 тамыз күні сағат 23:00-ден кейін Батыр Баян көшесінде ер адам әйелді аңдыған. Өтіп бара жатқан адамдар оның қолынан пышақ көріп, полицияға хабарлаған. Оқиға орнына патрульдік полиция, жедел қимылдайтын арнайы жасақ және басқа да қызметтердің қызметкерлері, сондай-ақ медицина мамандары дереу жіберілді. Ер адам екі пышақты алып, бірін ішіне, екіншісін тамағына тақап, өзіне қол жұмсайтынын айтып қорқытқан.
Жағдайдың күрделілігін ескере отырып, сыртқы қызмет қызметкерлерімен бірге оқиға орнына СҚО ПД бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллин де келді. Ер адамның психологиялық жағдайын бағалаған ол онымен диалог құрып, пышақтарды беруге көндірді. Әңгіме барысында сабырлы әрі жылы қарым-қатынас жасап, қысым көрсетпеуге тырысты.
СНХР: Абылғазы Ғабдуллин — СҚО ПД бастығының орынбасары
Әңгіме екі метр қашықтықта жүргізілді. Ер адам одан жақын келуге рұқсат бермеген. Полиция полковнигінің айтуынша, сол сәтте ол қауіп-қатерді ойлаған жоқ.
СНХР: Абылғазы Ғабдуллин — СҚО ПД бастығының орынбасары
Қазір бұрын сотталған 41 жастағы қала тұрғыны бірнеше құқық бұзушылықтың жиынтығы бойынша әкімшілік қамауда отыр. Ол әкімшілік қадағалау талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Оған сағат 22:00-ден кейін үйден тыс жерде болуға тыйым салынған. Сонымен қатар ұсақ бұзақылық және полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау фактілері бойынша материалдар жинақталды. Алдағы уақытта ер адаммен профилактикалық жұмыс жүргізіледі.