Жерлесіміз, мәдениет қайраткері Қуандық Ишанғалиұлы Қасымовты еске алу іс-шарасы өтті. Көзі тірісінде өзі басшылық еткен бұрынғы қазақ театрының қабырғасына орнатылған мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылды. Тағылымды шараға өнер адамдары, өңірдің құрметті азаматтары, қоғам қайраткерлері мен марқұмның туған-туыстары жиналды.
Гүл шоқтарын қою рәсімі Қуандық Қасымов еңбек еткен қасиетті өнер ордасында өтті. Бұл жер оның саналы ғұмырын, шығармашылық жолын арнаған қазақ театры. Келген қонақтар мемориалдық тақта алдында тағзым етіп, мәдениет жанашырының жарқын бейнесін еске алды.
Іс-шара аясында Қуандық Ишанғалиұлының өмірбаяны мен еңбек жолына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде оның шығармашылық қызметін айғақтайтын фотосуреттер мен өнер жолындағы жетістіктеріне қысқаша шолу жасалды.
РАИСА ҚАСЫМОВА, ҚУАНДЫҚ ҚАСЫМОВТЫҢ ЖҰБАЙЫ
Көрмеден кейін жиналған жұрт Қуандық Ишанғалиұлының құрметіне ұйымдастырылған «Өнерді ұлықтаудан шаршамаған» атты еске алу кешін тамашалады. Тағылымды кеш марқұмның өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен өмірлік ұстанымын айқындай түсті. Қуандық Қасымов 2006 жылы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына басшылық етіп, өнер ордасының шығармашылық деңгейін жаңа белеске көтерді. Кешке театрдың қазіргі директоры Біржан Нұрмаханұлы да қатысып, Қуандық Ишанғалиұлын жарқын мінезді, өнерді жан-тәнімен сүйген тұлға ретінде еске алды.
БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С.МҰҚАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ САЗДЫ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қуандық Қасымов туғаннан ұлттық музыкаға жақын болып өсті. Жамбыл ауданына қарасты Баян ауылында дүниеге келген ол жастайынан концерттерге қатысып, халық әндерін орындады. Еске алу кешінде театр әртістері сахналық қойылымдар ұсынып, көрермен қауымға Қуандық Қасымовтың рухани мұрасы мен өнер жолын тағы бір мәрте танытты.