Былтыр Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жетті. Бұл – Жапонияның Орталық Азия мемлекеттерімен жалпы сауда көлемінің 70 пайызынан астамы деген сөз. Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездескен Мемлекет басшысы осылай деді.
Президент, еліміз Токиомен жан-жақты ықпалдастықты одан әрі арттыруға баса мән береді. Түрлі деңгейдегі байланыстар тұрақты түрде жалғасуда. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы екіжақты қатынастарымыз тың серпінмен дамып келеді. Жапония Қазақстандағы ірі инвестордың қатарына кіреді, - деді. Бүгінде көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда нақты жобалар бар. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Император Нарухитомен кездесуде медицина саласы және су мәселесі бойынша пікір алмасқанын де жеткізді. Кезедсуде Мемлекет басшысы Достық лигасының қызметіне жоғары баға беріп, оны екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сондай-ақ жаһандық өзекті мәселелерге қатысты Қазақстан мен Жапонияның ұстанымдары ортақ екеніне тоқталды. Әсіресе қазір «Орталық Азия + Жапония» саммитіне айрықша мән беріліп отыр. Президент Премьер-министр Санаэ Такаичимен өтетін кездесуде бірқатар мәселені талқылаймыз, - деді. Және бұл келіссөздер саяси диалогты тереңдетіп, экономикалық және гуманитарлық алыс-берісті жандандыруға жол ашатынына сенім білдірді.