Айыртау ауданында жоғалған 45 жылқы дрон арқылы табылды. Жылқышы бастапқыда малды бірнеше күн бойы іздеп, тек 3 тұяқтыны ғана таба алған. Кейін полицейлердің көмегіне жүгінген. Тәртіп сақшылары 5 іздестіру тобын құрып, іске орман шаруашылығының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындарды тартты. Іздеу жұмыстарына жылу бейнелеуіштері бар екі дрон пайдаланылып, жұмыстар тәулік бойы жүргізілді. Барлығы шамамен 30 шақырым аумақ қамтылды.

5 күнге созылған іздеу нәтижесінде барлық жылқы табылды. Бақташы малды қараусыз жайғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы орайда, полицейлер облыста «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатқанын еске салып, тұрғындарды малды қараусыз қалдырмауға шақырды. Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде жайылым қағидаларын бұзған тұлғаларға қатысты 2916 әкімшілік хаттама рәсімделді.