Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданында болды. Бұл өңірде еліміздегі ең ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Жоба «СК Агро 2050» серіктестігінде жүзеге асырылуда. Заманауи өндіріс ошағы өңірдің агроөнеркәсіп саласын жаңа деңгейге көтермек.

Сапар барысында облыс әкімі жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысымен танысты. Бұл – еліміздегі ең ауқымды жобалардың бірі. Ауданның жаңа ферма кешені 3600 сиырға арналған. Мұнда жылына 25 мың тоннадан астам сүт өндірілетін болады. Бір мезгілде 100 бас сиырды сауып алуға мүмкіндік беретін сауын апараты орнатылған. Бұл жабдық тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ең ірі болып саналады. Әкім құрылысшылармен сөйлесіп, жұмыстардың барысын бақылап шықты.


Өңір басшысы сапар барысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен де жүздесті. Әкім диқандардың еңбегін ерекше атап өтіп, биылғы астық көлемі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екенін айтты. Бұл - дер кезінде жасалған агротехникалық шаралар мен егіншілердің табанды еңбегінің нәтижесі.


Егін науқанының қызған шағы. Серіктестіктің бас агрономы Хафиз Амановтың айтуынша, биылғы жұмысқа 20-дан астам техника тартылған. Оның сөзінше, науқанның сәтті басталуы шаруашылыққа жоспарды толық әрі уақытылы орындауға жол ашпақ. Диқандар қазір бір мезгілде бірнеше алқапта жұмыс істеп, астықты дер кезінде жинап алуға күш салып жатыр.

СНХ:Хафиз Аманов, «СК Агро 2050» компаниясының бас агрономы


Осылайша, «СК Агро 2050» серіктестігінде қолға алынған жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан тауарлы-сүт кешені толық қуатына 2027 жылы шықпақ. Сол кезде серіктестік 120-дан астам жаңа жұмыс орнын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтиды.