Наурыз мерекесінде облысымыздың үздік спортшылары марапатталды. Олар әлемдік додаларда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғаған еді.
Халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын құттықтай отырып, облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов спортшылардың жетістігін жоғары бағалады. Өңір басшысы екі бөлмелі пәтер, автокөлік және 1 миллион теңгенің сертификаттарын табыс етті. Марапатталған спортшылардың қатарында қазақ күресінен әлем чемпионы Мейіржан Берекетов, паралимпиадашылар Ербол Хамитов пен Александр Герлиц, бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Наталья Богданова, сондай-ақ қысқы Азия ойындарының жүлдегері Надежда Морозова бар.
Спорттағы жеңіс – тек жеке жетістік қана емес, тұтас елдің мерейін үстем ететін маңызды оқиға. Солардың бірі – әлем кубогының жеңімпазы Ербол Хамитов. Ол парабиатлон бойынша тарихта алғаш рет әлем чемпионы атанып, Қазақстанның спорт тарихында өз есімін қалдырды. Ербол бұл спорт түрімен 6 жылдан бері айналысып, қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында биік белестерді бағындырды. Оның осы жетістігі еленіп, спортшыға автокөлік табыс етілді.
СНХР: ЕРБОЛ ХАМИТОВ, ПАРАБИАТЛОННАН ӘЛЕМ чемпионы
Парабиатлон жарыстарын Ерболдың әжесі Қуаныш Құсайынова үлкен толқыныспен тамашалап, немересі үшін жанкүйер болды. Бүгінде ол Ерболдың жетістігіне шексіз қуанып, мақтан етеді.
СНХР: ҚУАНЫШ ҚҰСАЙЫНОВА, ЕРБОЛ ХАМИТОВТЫҢ ӘЖЕСІ
Сонымен қатар, Үндістанның астанасы Нью-Делиде өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Мейіржан Берекетов топ жарды. Ол барлық белдесуде қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Оның бұл жеңісі еленіп, спортшыға пәтер кілті табысталды.
СНХР: МЕЙІРЖАН БЕРЕКЕТОВ, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
2025 жылғы 11 наурызда Швецияда парабиатлоннан әлем кубогының финалы өтті. Қазақстандық спортшы Александр Герлиц бұл жарыста тамаша өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Бұл оның биылғы маусымдағы тұрақты және сәтті өнерінің заңды нәтижесі. 2024-2025 жылғы әлем кубогының қорытындысы бойынша Александр жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстан құрамасының жетістігіне айтарлықтай үлес қосты. Оның осы жетістігі өңір басшысының назарынан тыс қалмай, спортшыға 1 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.
СНХР: АЛЕКСАНДР ГЕРЛИЦ, ПАРАБИАТЛОННАН ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ
Салтанатты іс-шараға жиналған жұрт спортшыларды қошеметтеп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Қатысушылар мұндай дәстүрдің маңызды екенін атап өтті.
Алда спортшыларды жаңа жеңістер мен биік жетістіктер күтіп тұр.