Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2-4 сынып оқушылары арасында респубикалық «Бастау» математикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Бұған дейін аудандық және қалалық кезеңдерден мыңнан астам оқушының арасынан 89 ұл-қыз іріктелген. Сайыс 2 тілде өтті.
Облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған білімі озық балалар олимпиада басталмас бұрын әртүрлі ойындар ойнады. Осылайша, бойдағы қобалжуды басып, сергіп алды.
ИЛЬВИРА ІЛИЯСОВА, «ҚЫЗЫЛЖАР ДАРЫНЫ» ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ:
- Олимпиаданың мақсаты – бастауыш сынып оқушыларының математикалық білімдерін анықтау, қолдау көрсету, білдімдерін тереңдету және кеңейту. Бұл жас математиктер үшін маңызды оқиға. Бүгінгі облыстық кезеңнен жеңіске жеткен 6 оқушы облысымыздың намысын қорғауға өз білімдерін көрсетуге наурыз айының соңында Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңге қатысады.
Олипиадаға Тайынша ауданынан 5 оқушы келген. Үздіксіз дайындық арқасында олар тапсырмаларды қиындықсыз орындаймыз деген сенімде.
АЙЗЕРЕ ДӘУІТХАНОВА, ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ:
- Мен Тайынша ауданы Теңдік орта мектебінен келдім. Алдыңғы аудандық кезеңнен бірінші орын алдым. Енді облыстық кезеңнен жеңімпаз атанамын деп үміттенемін. Өте жақсы дайындалдым.
ДАЯНА САТАЙ, ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ:
- Мен барлық күндерімді математикадан дайындалуға арнадым. Күнде мұғаліміммен тапсырма орындадым. Оны үйде де жалғастырдым.
Жалпы, «Бәйге» деп аталатын облыстық кезең жазбаша және жекелей түрде өтті. Сайыста оқушылар 4 тапсырма орындау арқылы сынға түсті.