Облыстағы көктемгі су тасқыны өңір тұрғындарын біріктірді. Қиын сәтте ешкім қол қусырып қарап отырмады. Белсенділік танытып, еріктілердің қатарынан табылғандардың арасында дәрігер дерматолог Раушан Исеновада бар. Ол Asar Ume қайырымдылық қорының волонтері ретінде гуманитарлық көмекті жеткізуге көмектесті. Арнамыздың түсірілім тобы өзгенің бақытсыздығына бей-жай қарамайтын Петропавл тұрғынымен кездесті.
Раушан Исенова – денсаулық пен сұлулықты сақтауға көмектесетін дерматолог дәрігер.Еліміз үшін қиын кезеңде республикадағы ең ірі қайырымдылық қорларының бірі қала тұрғынын игі іс жасауға шабыттандырған. Осылайша волонтерлікке келген. Раушанның сөзінше, оны ата-анасы бала кезінен жанашырлық пен көмек қолын созуға тәрбиелеген.
РАУШАН ИСЕНОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Еліміздегі қайырымдылық қорлары жайлы көп адам білмейді. Ал бұл қорлардың негізін қалаушылар өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп жатыр. Мен олардың бір мүшесі болғаныма қуаныштымын. Жақсылық жасау әрбір адамның міндеті, парызы деп білемін.
Раушан басқа еріктілермен бірге қайырымдылық қорына қаражат жинауға көмектескен. Су тасқынынан зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмекті қабылдау және таратудада өз үлесін қосқан.
РАУШАН ИСЕНОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Біз жатақханаларды паналап жатқан тұрғындарға қажетті заттарын жеткізіп отырдық. Тізім жасап, керек-жарақты жиналған қаражатқа сатып алдық. Барынша уақытылы жеткізіп, тұрғындарға көмектесу үшін бар күшімізді салдық.
Қайырымдылық қорынан бөлек Раушан өз туыстарымен бірге мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін қаражат жинаған. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қиындықта біріге білген халықтың арқасында еліміз бұрыңғы қалыпты өміріне оралды.