Премьер-Министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының алғашқы нәтижелерімен танысты. Жаңа үйлер салу және беру процесі тексеріліп, тұрғындардың және механикаландырылған бригадалардың қатысуымен жөнделген үйлер қаралды.
Өңірге жұмыс сапарымен еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектенов келді. Үкімет басшысы су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының алғашқы нәтижелерімен танысып, Бірлік ықшам ауданында жаңа тұрғын үй кілтін алған отбасылармен кездесті.
БІРЛІК БАЕКИН, Бірлік ықшам ауданының тұрғыны:
- Судан зардап шеккеннен кейін көңіл-күйіміз болмай жүрді. Үкімет бізге жатақхана берді, күні бүгінге дейін осында тұрып жатырмыз. Бір тиын төлеп жатқан жоқпыз, бізді күнделікті тамақпен қамтамасыз етеді. Бүгін жаңа үйдің кілтін берді. Президент бәріне мемлекет көмек көрсетеді деген еді. Сөздерінде тұрды. Бізде бәрі жақсы, қажетті инфрақұрылым салынған.
Олжас Бектенов ауқымды су тасқынының салдарын жоюда түсіністік танытып, көмектескені үшін тұрғындарға алғысын білдірді. Құрылыс қарқыны мен пайдалануға берілген тұрғын үйдің сапасы, сондай-ақ, табиғи апаттан кейінгі кезеңде адамдарды қолдау мәселесі талқыланды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-Министрі:
- Ауқымды жұмыс Мемлекет басшысының арқасында жүзеге асырылды. Президентіміз тиісті тапсырма берді, іскер жандарды көмекке шақырды. Өз кезегінде кәсіпкерлеріміз қолдау танытты. Үйлер сіздерге ұнайды деп ойлаймын. Егер шағымдарыңыз, ескертулеріңіз болса айтыңыздар, талқылаймыз, мәселені реттейміз.
Шағын ауданда барлығы - 700 үй мен 90 орындық балабақша салынып жатыр. Кеше отбасыларға қоныстану үшін 53 баспананың кілті берілді. Маусым айының соңына дейін тағы 47 нысанды тапсыру жоспарланса, 600 үйдің құрылысы биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталады. Бірлік ықшам ауданы қажетті инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген, топырақты жолдар салынып, серуендеуге және демалуға арналған аймақтарды абаттандыру жүргізілуде.
ДІНМҰХАМЕД ҚҰСАЙЫНОВ, құрылыс компаниясының басқарушы директоры:
- Салынып жатқан құрастырмалы-қалқанды үйлер өте жылы болады. Жобалау жұмыстары кезінде Петропавлдың климаттық ерекшелігі назарға алынды. Жалпы, бұл жерде 400 баспана тұрғызу көзделіп отыр. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің материалдар теміржол арқылы Астанадан жеткізіледі.
Қазіргі таңда 100-ден астам учаскеде іргетас қаланып, конструкциялар құрастырыла бастады, сонымен қатар, сумен жабдықтау жұмысы жүргізіліп жатыр.